Өзектілігін жоймаған мектептегі әлімжеттік мәселесіне қатысты белгілі заңгер Бердімұрат Хасенұлы мектеп әкімшілігінің көп жағдайды жылы жауып қоятынын айтып, қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетуді қолдайтынын жеткізді. Толығырақ материалда Massaget.kz тілшісі тарқатады.
Маман мектептегі буллинг мәселесінің өршіп жатқанын айтып, мектеп әкімшілігінің бұл жағдайға көз жұма қарауының салдарын атап берді.
"Мұғалімдер кей әлімжеттік жағдайларын жылы жауып қоюға тырысады. Егер мектеп оқушысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, мектептің аты аталып, шу шығатын болса мектеп әкімшілігіне де белгілі бір жазалау, қатаң сөгіс жариялауға дейінгі шаралар қабылданады. Сол себепті мектеп мамандары мұндай шулы жайттарға жоламауға тырысады. Сол себепті жәбірленуші тарап ештеңеге қарамастан заңға сәйкес арыздануы қажет" дейді Бердімұрат Хасенұлы.
Әлімжеттік жағдайларының салдары мектеп әкімшілігі үшін де қылмыстық істерге, соған сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атады маман.
"Мектеп әкімшілігі өз репутацияларын бұзбау мақсатында кей әлімжеттік жағдайларын жылы жауып қояды. Бұл өз кезегінде әкімшілік кейін қылмыстық жауапкершілкке әкелуі мүмкін. Егер келтірілген зардап, залал үлкен мөлшерде болса: мәселен, мектеп мұғалімінің немесе директорының әлімжеттікке көз жұма бергенінің кесірінен әлімжеттікке шыдамаған бала өз-өзіне қол жұмсаса немесе сол әлімжеттікті көріп жүрген балалардың біреуі бірін қаттырақ ұрып, өлім жағдайына дейін жететін болса яки оның денсаулығына өте ауыр зиян келтіретін болса мәселе ушыққан жағдайда мектеп әкімшілігінің үстінен де қылмыстық іс қозғалады. Мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігіне байланысты жеңіл және ауыр жағдайлар сараланып, сәйкес шаралар қолданылатын болады" дейді заңгер.
Сонымен қатар, ол жасөспірімдерге үйретілетін құқықтық пәндердің сапасын сынап, қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетуді қолдайтынын айтты:
Қылмыстық жауапкершілік жасына қатысты дауды қазақтілді заңгерлер қоғамы әрдайым оқу-ағарту министрлігіне де, кезіндегі білім министрлігіне де айтып келеміз. Біздегі кейбір «адам өлтіру», «терроризм», «зорлау» cынды қылмыстарға қылмыстық жауапкершілік 14 жастан тартылады. Қазіргі есеппен алатын болсақ 14 жастағы бала көбіне жетінші сынып оқушысы. Ал мектеп бағдарламасында 9-сыныптан бастап қана «Құқықтық негіздері» немесе «Құқықтану» деген сабақтар өтіледі. Жасыратыны жоқ, ол сабақтардан көбіне тарих пәнінің мұғалімі береді. Жеткілікті деңгейде мықты заңгерлер балаларға құқықтық негіздерді түсіндіріп жатқан жоқ. Балаға жауапкершілікті 14 жастан артамыз, бірақ мектепте адам өлтіру сынды қылмыстарға қатысты білім берілмейді. Неге? Себебі, психолог-педагогтардың ойынша ол баланың психологиясын бұзады. Зорлау қылмысы туралы олармен сөйлесуге болмайды екен де, бірақ жауапкершілікке тартуға болады екен. Логика қайда?" деп сынға алды маман.
Заңгер қазіргі жасөспірім балалардың бұрынғыдан ерте есейетінін алға тартып, қылмыстық жауапкершілікке ерте жастан тартудың дұрыс екенін атап өтті:
"Сен адамды белігілі бір қылмыстарға байланысты жауапқа тарутға дайынсың, алайда ол қылмыстар бойынша оған түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, "сенің жауапкершілігің бар", "сен осындай нәрселерге ұрынуың мүмкін" оны жасама деген сияқты айта алмаймыз. Неліктен? Себебі біз олардың психологиясын бұзады екенбіз. Сондықтан мен үнемі айтып жүргенімдей, көп қылмыстар бойынша қылмыстық жасын төмендетуге келісемін. Оның үстіне ғылым мен технология қатты дамыған заманда жас балалардың ой өрісінің дамуы да, көзқарасының қалыптасуы да бұрынғыдан әлдеқайда ерте болып кетті. Бұл тенденцияны психологтар да, мамандар да айтып отыр. Яғни, бұрынғыдай 10-15 жыл бұрынғы он бес жастағы бозбаланың ойлау деңгейі мен қазіргі он бес жастағы баланың ойлау деңгейі мүлдем екі түрлі. Сондықтан біз заңгерлер қылмыстық жауапкершілк жасын төмендетуге де, соған сәйкес балаларға ертеден құқықтық негіздерді үйретуді де талап етеміз" деді Бердімұрат Хасенұлы.
Ал практик-психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызы әлімжеттік көрсететін агрессордың да психологиялық жарақаты бар екенін атады:
"Агрессордың психологиясы ата-анасының махаббатының, қамқорлығының жетіспеушілігінен, ата-ананың беделінің, өзара сыйластықтың жоқтығынан бұзылады. Олар ата-анасынан физикалық және вербалдық қысым көріп жүрген, бақылауда ұстайтын балалар. Келемеждеп, видеоға жариялай отырып, әлсіз адамның қиналу, азаптану сәтін көру арқылы ләззат алады. Бейсаналы түрде өзінің көрген озбырлығын әлсіз адамға көрсете отырып, өзін тыныштандырады. Агрессор да, ата-анасы немесе үлкен аға-әпкесі тарапынан жапа шегуші деп топшылауымызға болады. Себебі, отбасында жайлы, өзара сенім ұласқан ортада буллинг агрессоры пайда болуы мүмкін емес" дейді маман.
Сондай-ақ, ол буллингке ұшыраған баланың санасында болатын өзгерістердің кейінгі өміріне де әсері болатынын қоса кетті:
Мектептегі буллинг көбіне 5-9 сыныптар аралығында орын алады. Ол әлеуметтік оқшаулану, қарым-қатынас орнатуда қиындықтар, үрей, кінә және ұят сезімдері, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы, үлгерімнің төмендеуі, энурез, күйзеліс, психосоматикалық аурулар, қобалжу, суицидтік ойлар, селфхарм , психикалық бұзылыстар сынды қиындықтарға алып келеді. Сонымен қатар, кибербуллинг те қазіргі таңда көп таралуда. Жәбірленуші үнемі қобалжу сезімін, күйзеліс, өзін төмен бағалау, паникалық шабуыл, ұят сезімін бастан кешіреді. Бұл тек мектеп жасында ғана емес, өмір бойы университет, жұмыс орнында, отбасылық өмірде жалғасын тауып жатады. Сондай-ақ, құрбан рөліндегі жәбірленуші уақыт өте агрессор, тиран рөліне ауысып, басқа адамдарға әлімжеттік көрсетуі де ықтимал" деді ол.
Қоса кетсек, қыркүйек айында Астана мектептерінің біріндегі мектеп оқушылары қатарластарына әлімжеттік көрсетіп, онысын таспаға түсіріп жариялаған еді. Іс полиция бақылауына алынып, кінәлілердің тұлғасы анықталып, ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізілгені айтылған болатын
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қылмыстық жауапкершілікке 12 жастан бастап тартуды ұсынған болатын.