- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектеп оқушысына қандай...
Мектеп оқушысына қандай сөмке таңдаған дұрыс?
Бар-жоғы 15 күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Дәл қазіргі уақытта мектепке дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қала базарларында, киім-кешек пен кеңсе тауарларын сататын дүкендерде сауда деңгейі аспандап-ақ тұрған шақ. Оқушының ең қажетті құралы – сөмке. Сөрелердегі сөмкелерден көз сүрінеді. Ата-аналар баласының таңдауына ерік беріп, көп жағдайда сапаға, талапқа көңіл бөлмей сауда жасап жатады. Бұл – олқылық. Бала денсаулығына – қауіп. Ендеше, қауіпсіз сөмкені қалай таңдау керек? Бұл сұрақтың жауабын медицина мамандары тарқатып береді.
Жаңа білім жүйесі бойынша басылып шыққан мектеп оқулықтары бұрынғыдай біркелкі пішінде емес. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының кітаптары ірі көлемде жасалған. Бұл кіші сынып оқушылары үшін үлкен мәселе. Себебі, бұл кітаптар еркін сиятын сөмкелер кішкентай бала үшін тым үлкен, ауыр және ыңғайсыз. Үлкен көлемдегі сөмке баланың дене бітімінің қисық өсуіне, тіпті мүлде өспей қалуына әсер етеді. Тал шыбықтай иілгіш келетін баланың сыртқы бітіміне сөмкенің зиян келтірмеуі үшін, оны таңдау кезінде мынадай қағидаттарды есте сақтау керек.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова ата-аналарға сөмке таңдау кезінде мына ережелерді естен шығармауды ескертеді.
• Мектеп сөмкесі баланың жасы мен бойына сәйкес келу керек;
• Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесінің салмағы 700 граммнан аспау керек;
• Жоғары және ортаңғы сыныптардағы оқушылардың сөмкесі 1 келіден аспау керек;
• Сөмкеде жарық шағылыстыратын жапсырмалар болу керек;
• Сөмкенің иықбауы екеу және ұзындығы біркелкі болу керек.
Алдағы оқу жылына сөмке таңдарда осы ережелерді ескерсеңіз, сөзсіз бала денсаулығына керәі әсерін тигізбейтін сөмкеге қол жеткізесіз.
А. Қажиев