Мектеп формасының болғаны дұрыс па? Барлық оқушының бірыңғай киінуінің қандай пайдасы бар? Бұл тақырып теледидар мен радио бағдарламаларда сан рет талқыланған болатын.
Аталған тақырыпқа қатысты еш нәрсе білмейтіндіктен, интернет беттерінен түрлі материал мен психолог мамандардың кітабын оқып шықтым. Мұның ең басты себебі тәртіп екен. Ал ең басты аргумент - балалардың құқығын шектеуге қарсылық. Бірақ бұл туралы сәл кейінірек.
Біздің ата-анамыздың, мектеп директорының, ұстаздарымыздың заманында қалай болды? Олар қара көйлек пен ақ фартук тағып, шашына ақ бантик байлап жүретін. Мұнымен қатар, образдарын ақ гольфимен толықтыруды ұмытпайтын. Аналарымыз формасын қысқарғанша киіп, артынша сіңлісіне көзінің қарашығындай табыстайтын. Кейде тіпті түске дейін бірі, түстен кейін екіншісі кезектестіріп киетін кездері болған. Ал 2000 жылдары ақ кеудеше мен қара түсті белдемше киюіміз керек болды. Бұдан кейін де түрліше ауысты.
Оқушылар бірдей киім кию арқылы өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының нашар екенін жасыра алады. Ал оқушы үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуы дене мүшесінің бір бөлігін кесіп алғандай әсер етеді. Өзге сыныптастарынан өзін төмен санауға мәжбүр болады. Өкінішке орай, бірдей форманы сатып алу кезінде де қиындықтар туындайды. Себебі, барахолкада, көк базарда сатылатын арзан, қырғыз формаларының түтігі тез шығады. Матасы бүлініп, бір жылдың ішінде жарамсыз болып қалады. Ал Сымбат фирмасынан сапалы киімдер сатып алайын десе, ата-анасының қалтасы көтермейді. Мұнымен қатар, соңғы сән үлгілеріне сай келмейтіндіктен, қала балаларының талғамынан шықпауы мүмкін. Расымен де, мектеп формасының бірыңғай болу, болмау мәселесі ойландырады.
Мектеп формасын кию, кимеу керек деп айтпаймыз. Бар болғаны оның пайдасы мен зиянын келтіруді жөн көрдік.
Мектеп формасының ұтымдылығы:
♦ форма бір нәрсеге тәуелділікті білдіреді. Біздің жағдайымызда мектепке тәуелді екенімізді айқындайды;
♦ форма – тәртіп сөзінің синонимі;
♦ форма көреалмаушылық пен бәсекелестікті төмендетеді;
♦ форма әлеуметтік-тұрмыстық айырмашылықтарды жасырады.
Мектеп формасының зияны:
♦ ол тұлғалық қасиеттің дамуын тежейді;
♦ барлық оқушыны теңестіруді мақсат етеді;
♦ форма ең кедей отбасы үшін өте қымбат болуы мүмкін;
♦ соңғы сән үлгісіне сай келмейді әрі киіп жүруге өте ыңғайыссыз;
♦ форманың арқасында оқушыда комплекстер пайда болуы мүмкін.
Ал Сіз қалай ойлайсыз? Мектеп формасын киген дұрыс па?
Сурет: voxpopuli.kz (өңделген)