Әр сыныпта үлгілі тәртібімен көзге түсіп, сабағын жақсы оқитын оқушылардың мазасын алатын бұзақылар бар екені бәрімізге де құпия емес. Олар ешкіммен санаспайды.
Кейде тәртіпсіздіктері шектен шығып, оқушылар мен ұстаздарды да қорқытатын кездері болады. Мысалы, жоғарыда аты аталған бұзақылар төменгі сынып оқушыларын ұрып, ақшасын тартып алады. Әдетте, сыныптастарымен тіл табыса алмайтын, момын оқушыларға тиіседі. Мұнда өзіме қарсы жауап қайтара алмайды деген ой жатыр. Өзгелерге қарағанда объект ретінде төменгі сынып оқушыларын таңдайды.
Сіздің мектебіңізде қандай тәртіп орнағанын білмеймін. Егер жоғары сынып оқушылары өзінен кішілерге қамқорлық танытып, жылы қарым-қатынаста болса, сіз – бақыттысыз. Мұнымен қатар, жәй ғана екі буынның ортақ қызығушылықтары болмауы мүмкін.
Егер әр қадамыңызды бұзақылар бақылап, күн көрсетпей жүрген болса, ойланбастан шара қолдану керек!
Әрине, өзіңізді ренжітіп жүрген адамдармен күш сынаса алмайсыз. Бірақ, олардан қорғанудың әсерлі тәсілдері де бар. Оның қайсысын таңдайтындығыңыз нақты ситуацияға байланысты болмақ. Сізге күн көрсетпегенімен қоймай, қыз-қырқынның шашынан тартып ойнайтын сыныптасыңызды жөнге салу – бір бөлек. Ал, бұған дейін мектеп инспекторының қара тізіміне ілігіп үлгерген жоғарғы сынып оқушысын жөнге салу – екінші мәселе. Ол, тіпті, ұстаздардың қолынан келмеуі мүмкін.
Ағасы бардың жағасы бар демекші, көмекке жасы үлкен ағамызды немесе ата-анамызды шақыруымызға болады. Өкінішке орай, олар сізді бұзақылардан мәңгілік қорғап жүре алмайды. Мұны жүзеге асыру үшін тәулігіне 12-24 сағат қасыңызда жүруі керек болады. Сондықтан, мәселені басқаша шешкен дұрыс. Мысалы, жоғарғы сынып оқушыларымен, қатарластарымызбен дұрыс сөйлесіп үйрену. Егер сыныпта беделіңіз жоқ болып, үнемі жалғыз жүретін болсаңыз, бұзақыларға оңай жем боласыз. Қатарластарыңызбен жақсы қарым-қатынаста болатын болсаңыз, үзіліс кезінде де, үйге қайтқанда да жалғыз жүрмейсіз. Сөзіме сеніңіз, бұзақылар, шындығында бір топ балаға келіп тиісуге жүрексінеді. Мейлі олардың жасы кіші болса да.
Ең бастысы – оларға қарсы тұра алатыныңызға өзіңіз сеніңіз. Олар қорқақ жандарды бірден таниды.
Екінші тәсіл – ұстазға шағым айту. Ол көмектесе алмаған жағдайда ата-анаңыз мектеп директорына жолықсын. Ал мектеп директоры өз кезегінде олардың ата-анасымен сөйлеседі. Мектеп бұзақылары қанша жерден қаһарлы көрінсе де, ата-анасынан, мектеп директорынан қорқады.
Жоғарыда аталғандардың кез келгенін пайдалануға болады: ата-анаңызға, мектеп директорына, ұстазыңызға шағым айтыңыз. Бірақ, еш уақытта мектепте, көшеде жүруге қорқып, өзгелерге өзіңізді ренжітуге мүмкіндік бермеңіз!
Үшінші тәсіл. Бұзақылар телефоныңызды күштеп тартып алу, қымбат затыңызды алып қою, ұрып-соғу сынды өміріңізге қауіп-қатер төндіретін әрекеттер жасаған кезде ата-анаңызға айтып, милицияға шағым түсіруіңізге болады.
Әрине, жүрегіңіздің түбінде біреуге шағым айтсам, олар мені одан да қатты ұрып-соғады деген қорқыныш болады. Десе де, олардың бұл айласына түсіп қалмаңыз. Сіздің ешкімге шағымдана алмайтыныңызды білген кезде ойына келгенін жасайды. Шыдамдылық танытқан сайын іс насырға шабуы мүмкін. Сондықтан, бірінші мүмкіндік туа салысымен, бұл туралы жоғарыда тізімделген адамдарға хабарлаңыз. Сол кезде бұзақылар жасы үлкендерден қорқып, сізге қарағанда шағымданбайтын, момын құрбанды іздеуі мүмкін.
Төртінші тәсіл. Бірден ескерте кетемін! Бұл тәсілді пайдалануға мүлдем кеңес бермеймін, тек бар екенін біле жүрсеңіздер деген ниетім бар. Бұдан кейінгі тәсіл – мәселені «жігіттерше шешу». Өзінен әлсізге тиісіп жүрген бұзақылар аталған жүйені түсінбеуі мүмкін. Әдетте, ол жүйеге сәйкес екі қарама-қарсы жақ алдын ала уақыт пен мекен-жайды, қанша адам келу керектігін анықтайды. Артынша сол жерде кездесіп, жұдырықтасады. Және жеңілген жақ өзінің берген уәдесін міндетті түрде орындайды. Ол уәде – мен сені жеңсем, бауырыма жоламайсың сынды болуы мүмкін. Бұл тәсілді білегі мықты ағасы бар жандар ғана қолданғаны дұрыс. Себебі, бұзақылар түрлі айла-тәсіл ойлап тауып, суық қаруды қолданып кетуі мүмкін. Ал жүйеге сәйкес оған рұқсат берілмейді.
Меніңше, кез келген ұл бала жастайынан спортқа жақын болуы тиіс. Мектепте оқып жүргенімде сыныптас жігіттер сабағын нашар оқыса да, барлығы спорт секциясына қатысатын. Дәл қазір әрқайсысы спорт саласында шебер атануда. Мақсатым – мақтану емес, олардың бірінші сыныптан бастап спортпен айналысып, өсе келе басынан сөз асырмайтындай халге жетуін айту. Олар тек өзін ғана қорғап қоймайтын, қыздарды да әпке, қарындас көріп қамқорлық танытатын.
Сөз соңында қояр сұрағым бар: «Өзіңіз біреуді ренжітіп жүрген жоқсыз ба?». Отбасында жақсы тәрбие көріп өскен баланың өзі жасы кішілерді ренжітуі мүмкін. Мысалы, сыныптастарым жоғарыда айтқанымдай жақсы жандар болғанымен, параллель сыныптың ұлдарын тізіп қойып, Әнұран айтқызатын. Бұл жерде ешкім жапа шеккен жоқ. Қазір барлығы да күліп отырып еске алады. Бірақ, денсаулығыңызға қауіп-қатер төндірген оқиғаларды олай еске алу мүмкін емес. Сондықтан, өзіңізді қорғай біліңіз және «адамзатты туған бауырыңыздай» көріңіз!
Құрметті оқырман, өздеріңізді мазалап жүрген мектеп тақырыбына байланысты сұрақтарыңыз, қалалық, республикалық деңгейдегі жетістіктеріңіз болса, массагеттік достарыңызбен бөлісуіңізге болады. Ол үшін massaget.kz@gmail.com поштасына хат жолдаңыздар.
Автор: Қарлыға Бүйенбай
Сурет:astana-akshamy.kz