Ойыншық – балалықтың белгісі. Қолдан жасағаны бар, сыйлаған, сатып әпергендерін біреудің ойыншығымен ауысып кетпесін деп, көзінің қарашығындай сақтайтын шақтың тәтті естелігі туралы Массагет тілшілерінің өз айтарлары бар. Сонымен, кім немен ойнады екен?
Алмабеков Ернар:
Бұл ойыншықтар тізілсе де, ол кезде бір жерде отырып ойыншық ойнаудан гөрі, ары-бері жүгіріп, алысып, төбелесу, қимылдау көбірек кездесетін. Бізде де сол басымырақ болды. Асық, қуаласпақ, атыспақ, доп тебу, шалаш жасау, кептер ату, шомылу, су шашып ойнау, тағысын тағы...
Мейіргүл Оңғарова:
Бала кезімде ойыншықтарым болғанын балалық шақтағы суреттерден ғана білемін. Бірақ есімде еш ойыншық қалмапты. Есесіне балшықпен үй соғып ойнағаным, жалаң аяқ суды кешкенім, топыраққа аунағаным есімде... Далаппен маңдайымызға бір нүкте жағып, анамыздың орамалын жамылып алып, үнді қызы сияқты билейтінбіз. Есік алдында мыжырайған ескі алюминийден жасалған "сырғанақ" болды. Соған жан таптырмайтынбыз. Түсіп-мініп күн ұзаққа далада шаң-шаң болып жүретінбіз.
Әсел Асанова:
Тел өскен сіңлім екеумізде ойыншықтың түр-түрі болды, оларды көбінесе сындырып, жоғалтып алатынбыз. Құнттап қарайтынымыз – он шақты жұмсақ ойыншығымыз. Алқызыл қоянға – Әлия, қызыл арыстанға – Мәншүк, қоңыр маймылға – Сандуғаш, күлгін қонжыққа – Милена, т.б. деп ат қойып, күн сайын оларды оқушы етіп отырғызып, өзіміз мұғалім болып ойнайтынбыз. Сұрақ қойып, олардың орнына өзіміз жауап беріп, журнал ашып, баға қойып, кәдімгідей оқытушы болатын едік. Есейген кездегі әртүрлі факторлармен бірге, бала кезімнің де әсері болуы керек, қазір мұғалім болып, бала оқытқым келеді.
Жақсымбет Бауыржан:
Әрбір бала кішкентай күнінде ойыншықтардың түр-түріне қызығып, онымен ойнауды жақсы көреді. Сол секілді менің де кішкентай кезімде ойыншықтарым көп болды. Әсіресе базардан алған дүниелерге қарағанда, қолдан жасалған мәшинелер, пистолет, автоматтар мен рогатка сынды ойыншықтарымды ерекше құрметтейтінмін. Себебі өзіңнің қалағаныңдай етіп жасап, онымен мауқыңды басу – бір керемет. Ең бір есте қалған ойыншығым – бала күнімде темірден жасалған трактор көлігі. Онымен шөп, аяқкиім сынды жеңіл заттарды ары-бері тасығаныма мәз болатынмын. Қазір есіме түссе, сол бір керемет шақтардың қалай өткені көзіме елестеп күлкім келеді.
Галиева Айымгүл:
Үйдегі балалардың саны 8-ге жеткенге дейін тетелес өскен 2 сіңліммен бірге үшемдердей бірдей киім кигізіп қоятын. Ойыншық алса да сол, біп-бірдей етіп сатып алып береді. Бірақ, сол бір-бірінен айырмашылығы жоқ үш қуыршақтың қайсысы кімдікі екенін өзара ажырата алатын едік. Үйдегілер таң қалатын. Арғы атамнан қалған айнаның сынығын жасырып тұратын Надежда, Вера, Любовь деген 3 орыс қыздың суреті болатын, олардың түрлері біздің қуыршақтардан айнымайтын. Содан менің қуыршағым Надежда, Перизаттікі Любовь, Фаризанікі Вера боп кетті. Қуыршақты бесікке тербетіп ойнаған сайын, тырна тұрбадан бөпе тастап кететін.
Кейін Денди деген керемет келді. Бәріміз кезек-кезек сөндірмей ойнайтынбыз. Супер Мариоға ұйқы жоқ, таң атқаннан кеш батқанға дейін саңырауқұлақтардан секірумен болады.
Денди қартайғасын компьютер деген ойыншық, одан бұрын видеокамера деген ойыншық келген. Әр мерекеге телебағдарлама түсіріп, үйдегілерді теледидардың алдына тізіп қойып көрсететінбіз. Бағдарлама авторы, режиссер, жүргізуші, қонақ, бәрі – өзіміз. Жылына бір барған кезде, сол ескі кассеталарды тауып алып, көрші ағаның видеомагнитофонына қосып қараймыз. Өзіміздің қандай кішкентай, марқұм атам мен қазір сексеннің сеңгіріне келген әжемнің қандай жас болғанын көріп еріксіз көзіме жас аламын.
Біздің ата-анамыздың кей үлкен кісілердей балаларын қызғыштай қоритын мазасыз махаббатпен емес, теңіздей тыныш әрі тұнық һәм әр баланың жүрек соғысына ерекше сезімталдықпен үңіле білетін қомқорлығы үшін шексіз ризамын.
Ақан Марғұлан:
Бала кезімде тезек теріп жүріп, оқ жылан ұстағанды жақсы көретінмін. Бала күнім ауылда өткен соң ойыншықтың орнына төрт түлікпен ойнайтынмын. Бала күнімдегі ойыншығым деп ұмытпайтын бір ойыншық бар: рогатка еді. Талай құстың обалына, адамның көз жасына қалып едім...
Молдажанов Ербол:
Бала кезімде ойыншықтарды қолдан жасағанды ұнатушы едім. Ағаштан рогатка, мылтық жасау менің ермегім болатын. Өз қолыңнан жасаған затпен ойнаған тым бөлек. Оған кеткен еңбек пен уақыттың қадірін біліп, ешкім алып қоймасын, бір жеріне сызат түспесін деп, мұқият ұстауға тырысатынмын. Кейде асық атып та ойнайтынмын. Бұл да бір балалықтың тәтті естелігі ғой.
Берік Гүлжанар:
Менің ең сүйікті ойыншықтарым: жұмсақ аюлар мен пілдер, құрастырғыштар, пазлдар болатын. Қуыршықтар туралы естеліктер мүлдем жоқ. Қонжықтарымның бойы менімен бірге өсетін, онға толған соң оларға қарағым да келмей қалды. Себебі, әжем бос ойнағанымды қаламайтын. Сол үшін Лего құрастырғыштар алып беретін болды. Бірде қайық, бірде сарай, бірде көлік құрастырып, әжеме көрсететінмін. Сонда әжем «Міне, осы пайдалырақ» дейтін. Одан соң, пазл құрастырғыштары сөмкемнен орын алды. Ең бірінші пазл «Сейлор Мун» болатын. Денди, сега дегендерді бөлемнің үйінде ғана ойнайтынмын. Міне, менің ойыншықтарым.
"Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның" демекші, өткен ғасырдың 90-жылдарында өскен бұл кейіпкерлер мен замандастарының ойыншықтары туралы айтары бір-ау. Ал қазіргі балалардың ойыны да, ойыншығы да үлкендердің ермегімен бірдей.
Сіз қандай ойыншықпен ойнадыңыз? Кішкентайларыңыз ше?