Массагет байқауының жеңімпаздары анықталды

Оқушыларға жазғы демалысын тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлаған "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауы мәресіне жетті. Екі ай бойы белсенділігі мен білім-білігін көрсеткен оқушылар нәтиже шығар күнді асыға күтті.

Массагет порталы бұл байқауды өткен жылғы қатысушылар сұранысы бойынша, екінші рет ұйымдастырды. Биыл да жаңа қатысушылар аз болмады, 34 адам тіркеліп, оның 16-сы мәреге дейін жетті. Сайыс барысында бір-бірін қарсылас санамай, өзге команда мүшелеріне де жанкүйер болған оқушыларға байқау уақытты тиімді өткізу ғана емес, көптеген жаңа достар да сыйлады.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен бой көрсеткен оқушылар жетекшілері және бір-бірі арқылы мол тәжірибе жинап, өмірлік мақсатына бірнеше қадам жақындай түсті. Екі ай бойы жалықпай, шаршамай апта сайын екі блог шығарып, байқауды бірге қорытындылаған 17 қатысушыға Массагет порталының таңбасы қойылған стақан, жылы лебіздер жазылған ашықхат және арнайы сыйлықтар табыстаймыз.

Ерке Есілдің бойында өскен талдырмаш аруымыз Жангүл Алмас байқауда жоғары белсенділік танытып, бірінші орынға ие болды. Ағайын-туыс, дос-жарандары сегіз апта бойы жанкүйер болып, Жангүл жазған блогтарды бағалап, пікір жазудан талмады. Жеңімпазға саяхатқа арналған таптырмас сөмке мен Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" кітабын тарту етеміз.

Ару Жайықтың жағасында өскен өнерлі өреніміз Гүлсезім Әйтімова жүлделі екінші орынға ие болды. Халықтың ән-күйі енгізілген электронды киіз үй Гүлсезімнің қанжығасында, сонымен бірге Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" еңбегі. Әр апта сайын тағатсыз күтетін оқырманын жаңа мәзірімен және түрлі өнерімен тәнті ететін Гүлсезім қандай сыйға болса да лайық.

Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан Ақниет Жаманқұл үшінші орын тұғырынан көрініп, пернетақтаға ие болды. Жай пернетақта емес, тышқаны да бар және сымсыз жұмыс істейді. Оған қоса, ең құнды сыйлық "Бабалар аманаты" кітабы. Кез келген тапсырманы уақытында орындап, әр блогын дер кезінде шығарып отыратын Ақниетті Массагеттіктер ұмытпайды.

Шарықтатып ағылшын тілінде әнді де айтып, шалықтата биді де билеп, оқырманын сүйсіндірген сүйкімді қатысушымыз Үкілай Алмас жинаған ұпайы бойынша, төртінші орынға тұрақтады. Оған компьютерге арналған веб-камера және Нұрлан Оразалин "Жүрекжарды" атты кітабын лайық деп таптық.

Біздің ең кішкене қатысушымыз, алты жасар Аяулым Алмас та ешкімнен қалыс қалмай, Жангүл әпкесінің өкшесін басып, компьютерге арналған тышқан сыйлығын еншіледі. Сонымен қатар қиялын қарыштап, қаламын ұштау мақсатында балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" кітабын сыйлауды жөн санадық.

Өткен жылы да, биыл да қатысып, байқау мәресіне мүдірмей жеткен Әсем Жолдасова, түрлі тәттісімен және қой бағу қызығымен таңғалдырған Әсел Аққалиева, мың бұрала үнді биін билеп, қызықты жазбаларымен көз қуантқан Ақжарқын Нұрлан және сұхбат алу, стендап түсіру өнерімен қатарластарын бас идірген Томирис Есқали атты қатысушыларымызға Массагет таңбасы бар кеңжейде (толстовка) және стақан, ашықхат тарту етеміз. 

"Кемеңгер" тобына алғаш тіркелген пысық та дарынды қатысушыларымыз Ақмарал Канал мен Айнұр Мейрбекке Массагет таңбасы бейнеленген футболка, стақан, ашықхат бұйырды.

Ерекше жазбаларымен, тартымды тақырыптарымен көзге түскен Зарина Маликоваға Бек Тоғысбаев "Әкең де бала болған" кітабын, Массагеттің бұрынғы байқауларына да қатысып, жеңімпаз атанып жүрген өнерлі қыз Назима Юлдашеваға Сәкен Жүнісов "Жапандағы жалғыз үй" романын, ал бойындағы бір пайызды тауып алып, оған жүз пайыз еңбек қосуды ұран еткен Рысгүл Қазыбекқызына Зейнеп Ахметова "Әзіліңді сағындық" кітабын сыйға тартамыз.

Кәріс тілін үйреніп, кесте тігу өнерін шыр айналдырған Аяжан Каримоваға және тәттілерімен көз тойдырған Әселханым Ғайнеденге "Сырдария кітапханасы" сериясымен шыққан кітап және Жанерке Зекейге блокнот сыйлаймыз. 

Орын Қатысушы есімі Команда Жалпы ұпай  1  Жангүл Алмас Кемеңгер

205,17

Гүлсезім Әйтімова Кемеңгер 192 3 Ақниет Жаманқұл Кемеңгер 148,5 4 Үкілай Алмас Сәйгүлік 135,95 5 Аяулым Алмас Кемеңгер

134,58

6 Әсем Жолдасова Кемеңгер 133,92  7 Әсел Аққалиева Кен 132,13  8 Ақжарқын Нұрлан Кемеңгер 129,32  9 Айнұр Мейрбек Кемеңгер 116,67  10 Ақмарал Канал Кемеңгер 112,1 11 Томирис Есқали Кемеңгер 101,11 12 Зарина Маликова Сәйгүлік 100,6 13 Назима Юлдашева Кен 92,57 14 Рысгүл Қазыбекқызы Кен 86,03 15 Аяжан Каримова Кен

82,15

16 Әселханым Ғайнеден Кен 72,15 17 Жанерке Зекей Сәйгүлік

39,18

       

Командалық рейтинг

                       Орын                                                            Команда                                                            Жалпы ұпай                     1

Кемеңгер

141,63 2 Сәйгүлік 117,59 3 Кен 98,2

Барлық қатысушыларды жүлдесімен құттықтап, алдағы өмірлеріне тек жетістіктер тілейміз! Алдағы уақытта блог жазуға уақыт тауып, Массагет сайтынан ажырамағайсыздар деп тілейміз. Сыйлықтарыңызды мына мекенжайдан алсаңыздар болады: Алматы қаласы, Бұқар жырау 27/5 Б