- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мәңгі жасыл «Аршаның»...
Мәңгі жасыл «Аршаның» арманы асқақ азаматтары
«Массагет» қазақ жастары порталының дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауы биыл тағы өз оқырмандарын қатарына қосты. Мектеп жасындағы оқушылардың армандары мен мақсаттары үшін күреске титтей болса да септігін тигізуге, үміт сыйлауға асыққан «Массагет» ұжымы оқырмандарының жанына табылуға тырысады.
Мен, Марғұлан Ақан осы байқаудың кезекті бір жетекшісімін. Топтың атауын «Арша» деп алдық. Оған себеп те бар. «Арша» мәңгі жасыл тартып тұратын, тауды бетегелей өсетін, ағаш тектес бірақ жерге жатып, жайылып өсетін өсімдік. Ал тобымдағы әрбір қатысушы енді өркен тартып келе жатқан жас буын өкілдері болғаннан кейін олардың мәңгі жасыл тартып тұруға, арман мен мақсаттары жолында күресуге құқылары бар. Мен тек солардың алға басуына себепкермін.
«Арша» тобында Алты алаштың ертеңгі алты діңгегі бола алатын 6 қатысушы бар. Бес қыз бір ұлдан құралған бұл топтағы әрбір қатысушы өзінше ерекше. Себебі олардың айтар ойы кейде үлкен қоғамдық мәселелерді қозғай алады.
Топтың серкесі – Нұрлыхан Қасымханұлы
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Сарыбұлақ ауылының тумасы. Мектеп қабырғасында белсенді әрі «оқушылар фестивалінің еңбек сіңірген» марапатының төрт дүркін иегері. Нұрлыханмен байқау басталмай тұрып сырттай таныса бастадым десем өтірік айтқаным емес. Жазбаларын оқып жүрдім. Көзі ашық, көкірегі ояу жігіт. Оқушы деп жасына шектеу қоймасаңыз, айтары асудан асады.
Он саусағынан өнер тамған, домбыраның құлағында ойнайтын әрі шығармашылықпен де айналысатын тобымдағы белсенді қыздардың бірі. Байқау басталмастан бұрын биылғы ҰБТ жайында сұқбат беріп те үлгерді. Нарғыз бұл байқауға қатыса алмауы мүмкін еді. Себебі ол мектепті аяқтап жатқан түлек. Бірақ жаздағы уақытты ескере келіп, оның бұл байқауға қатысуға мүмкіндігі бар екені белгілі болды. Оның өзінде жазары бар. Тек өнерде ғана емес, ғылым мен білімде де мықты. Есімі мен тал бойына біткен өнерінің қасиеті киелі Жетісудан дарыса керек.
Ерке қыз – Қазына Болатбекқызы
Қызылорда, соның ішінде Шиелі даласынан тегінде жақсы адамдар шыққан. Айтыскерлер, жыраулар, батырлар. Солардың ұрпағы, тектілікті жалғап келе жатқан іші қазынаға толы Қазына қарындасым, тобымның бір еркесі. Арманы – филолог болу. Іштей жаным тартып тұратыны бар. Бала күнінен Мұқағалиді жаттап өскен Қазына қазір мектеп қабырғасында белсенді әрі танымалдыққа ие.
Мисс лидерім – Назима Жұмамұратқызы.
Бұл қатысушы қызым да Жетісудің тумасы. Анығырақ айтқан кезде Ақши ауылынан. Өзі өте пысық. Алғаш байқау бастала салған күннен алаңдап, сұрақтар қойып, топ ішінен көзге түсті. Ақыры жетекші ретінде Назима қызды топтың кішігірім ұйымдастырушы-басшысы ретінде тағайындадым. Бала күнінен зерек. Көрші біткеннің баласын жинап, оларға өзі білгенін үйретуге асығатын кішкентай ғана «мисс лидерім» ұлдармен ойнағанды жақсы көреді. Қазірдің өзінде «Арша» тобының ең белсенді оқырманы. «Массагет» сайтының сүйікті әрі тұрақты жанкүйері.
Көкке қол созған – Рысгүл Қазыбекқызы
Көкке қол созған дейтінім, Табылдының жерлесі, Атыраудың тумасы Рысгүл қарындасым да өнер мен білімнен кенде емес. «Айгөлек» журналының жас тілшісі болып жұмыс атқарады. Мақсаты зор. Қазақтың ең үздік математигі болсам дейді. Сандармен жұмыс жасауды жақсы көретін Рысгүл жазу жағынан да жақсы. Тобымдағы сауатты әрі саналы қыздардың бірі.
Тобымдағы қырсық мінезі бар Айдана қарындасым Меркі ауданының Тәтті деген жерінен. Еліміздегі республикалық «Ұлан» газетінің тілшісі. Арманы асқақ. Мектепте оқу озаты. Адамдармен тез тіл табыса алады. Тіпті ол өзінше бір өнері. Ең үлкен мақсаты – Дина Төлепберген, Дана Нұржігіт, Нұрсұлтан Құрман, Бейсен Құранбек сынды білікті тілшілермен бір жерде отырып не солардың деңгейіне жетіп жұмыс жасау.
Менің "Аршалықтарым" осы байқау аясында өздерінің мақсаттарына жету үшін үлкен жұмыстарды бастап кетті. Тобыма сәттілік тілей отырып, армандарының асқақ әрі жігерлерінің жасып қалмауын тілеймін.
Шындығында бұл байқауға бірінші рет жетекшілік етіп отырмын, бірақ оқушылармен дәл осылай жұмыс жасау қызық әрі керемет болады деп ойламаппын. Біз қазір уатсап желісінде "Аршагет" дейтін бір отбасы болып кеттік.
Рақмет сендерге, мәңгі жастық шақтың буын сездірген "Аршалық" оқырмандарым, қарындастарым мен інілерім!
Жеңіске деген үмітпен желіп келеміз...
М. Ақан