Мамандық таңдау – өмір-кемесіндегі басты желкен. Оның бағытына не кедергі болуы мүмкін? Қоғамға деген көзқарасы қалыптаспаған жасөспірімнің мамандық таңдай алмауына не себеп болады деп ойлайсыз? Біз былай тізіп көрдік.
Бірінші себеп. Ештеңе қызық емес
Әлеуметтік желі, ойын-сауық, компьютер ойындары қазіргі жасөспірімдердің қолын байлайды. Әсіресе қала ортасында тұратын мектеп жасындағы балалар үшін қолайсыздық тудырады. Ата-ана да тоқсан аяғына жеткенде, емтихан жақындаған сайын баланы жан алқымнан алып жатады. Еркіндікте жүріп өскен бала емтихан таяу қалғанда жан-жақтан қысымды байқайды. Қысымның әсерінен смартфонға да, ойынға да көңілі аумайды. Сабаққа да желкесі жар бермейді. Өтпелі шақта мұның бәрі кері әсер етеді де, ал бала болашағына күмәнмен қарайтын болады.
Не істеуге болады?
«Ештеңе керек емес» – бұл сәтсіз таңдаудан қашу, қай қадамым бұрыс болып қалар екен деп шешіп қабылдаудан қорқу. Ештеңеден қорықпай, бәрін сынап көру қажет. Болашақты елестетуге не кедергі болуы мүмкін, соны жою керек.
Екінші себеп. Қызығушылықтары көп
Баланың қызығушылығы көп болса, соның қайсысын таңдарын білмейді. Ал ата-аналар осының себебін біле алмай дал болады. Ата-аналардың басым көпшілігі «Қызығушылық көп болса, бала өскен сайын біреуін таңдайды» деп есептейді. Бірақ бұл сәтте баланың таңдауына ешкім әсер етпеуі керек.
Не істеу керек?
Қызығушылық пен қабілет болса, бәрінің басын тең ұсауға болады. Қалай дейсіз бе? Екеудің басын біріктіру тәсілімен. Мәселен, спортқа қызықса, оған қоса жазу қабілеті байқалса, спорт журналисі болуға болады. Би үйірмесіне қатысып жүріп, мұғалімдікке бет бұрғысы келсе, би үйірмесіне жаттықтырушы бола алады.
Үшінші себеп. Кейбірі өз күшіне сенбейді
Дарындылар тез көзге түседі. Ал олардың басым көпшілігі өз қабілетін, талантын бөтен көзге көрсеткісі келмейді. Себебі, жасқаншақ. Бара-бара «менің өнерім кімге керек? Өнер деуге де келмейді» деп өз отын өшіреді.
Не істеу керек?
Сенім. Өзіне деген сенім өшсе, бәрі құриды. Бала өзін өзгелермен салыстырамын деп жүріп, кемшілігін жиі байқауы мүмкін. Кемшіліктерге көз жұма қарап, өсудің жолын іздеу керек. Ата-ана тарапынан жігерлендіру мен қайрау жетіспейтін болса, ол үлкен жетістікке жете алмайды.
Бесінші себеп. Мамандықтарды ажырата алмайды
Олар мамандықтарды ажырата алады. Оның ойын қоршаған ортаның сөзі құртады. Аспаз болғысы келетін баланың ойын бір алыс-жақын туысының «Аспаз? Әркімнің тамағын пісіріп жүресің бе? Одан да шаштараз болсаңшы» деген сөзі бұзуы мүмкін. Жалақысы аз немесе жемқорлар отыратын орын, болмаса жоғарыда «көкең» болмаса деген пікірлерден баланың бүгінгі қоғамнан көңілі қалады.
Не істеу керек?
Баланың ең алғашқы қадамы таңдаудан басталады. Оның жігер-күшін кертартпа сөздермен құм етуге болмайды. Ересектер көп сыннан өтті, бірақ бала да өз ұрпағына қателіктерін ескерту үшін барлық қиындықтан өте білуі керек емес пе? Жолын бөгемеген абзал.