Мектепке алғаш келгенде көзіңіз жәудіреп, «Мама, кетемін» деп шу шығармасаңыз да, үйге қайтқалы жатқан анаңыздың етегіне жармасып, ажырағыңыз келмеген шығар. Бастауыш сыныпта оқушылар уақыт өте келе анасының жиналысқа келетінін естіп, үйге анасымен бірге қайтатынына қуанатын болар. Ал орта буында ше?
«Мектепке келгенде сыныпқа кірмеңізші» деп, анасына ескертіп кететін оқушылар да аз емес. Олар үйде еркелеткендей еркелетіп, «Әкөнай» деп айтып қоя ма деп қорқады. Кейбірі сыныптастарынан ұялады. Ал енді бірі «Бастауышта оқымаймын ғой, мама» деп, анасын мектепке келтірмеуге тырысады.
Әсіресе ұлдар ата-анасының мектепке келгенін қаламайды. Себебі, қатарластарынан ыңғайсызданады. Ата-ана жиналысы болатын уақытта ғана шақырып, басқа уақытта мектеп жанынан өткізбей де жатады. Тіпті кейбірі сыныптастармен, достармен бас қосқанда, иненің ұшында отырғандай болады. Мұны өтпелі кезеңнің шартты құбылысы деп айтсақ болады. Бірақ оған қос тараптың да түсіністікпен қарағаны дұрыс. Бірінің әлемін бірі сыйласа, дау тумасы анық. Анаға баланың өмірі, оның достары, олардың не туралы әңгімелесетіні қызық. Қызықтан гөрі маңызды.
Не істеу керек?
Мектеп, ата-ана, оқушы – үштік одақ. Бұл одақ бір-бірімен тығыз байланыста болуы шарт. Баланың сабақ үлгерімі қандай, мұғалімдер тәртібіне сын айта ма, сыныптастарымен қалай сөйлеседі деген сұрақтардың жауабын өз көзімен көруі керек. Егер оқушы ата-анасының келгенін қаламаса, оның себебін білу керек.
Бірінші себеп. Достарым «Маған ескерту беріліп, ата-анамды шақыртты» деп ойлайды». Уайымдайтын түгі де жоқ. Ақталып жатудың қажеті жоқ. Анаңыз сынып жетекшіңізге келді.
Екінші себеп. «Сыныптастарымнан ұяламын». Үйдегі қылығымды түзге айтпаса екен деп отырамын. Сіз анаңыздың көзінде әлі баласыз. Сол себепті, сіздің тәтті қылықтарыңыз есіне түссе, айтып беріп жатса, ұялмаңыз. Бәрі идеал емес.
Үшінші себеп. «Сабаққа қатысатын сияқты. Ал мен физикадан есеп шығармадым». Амалын тауып, қателігіңізді жабуға тырысыңыз. Не болмаса «Басқа салғанды көресің» демекші, бағыңыз жанып кетер. Жақсы оқитын сыныптасыңыздың қасына отыруға тырысыңыз. Сіздің ата-анаңыз болған соң, сізден сабақ сұрайтыны бесенеден белгілі.
Тағы да қандай себептер болуы мүмкін?