Көптеген деректе баланы жиі мақтау оның жетістікке жетуіне көмектеседі, балаға күш беріп, ерік-жігерін қайрауға септігін тигізеді дейді. Бірақ бүгінгінің баласы үшін мақтау жанына майдай жақса да, кері әсерін береді. Баланың мақсатқа жетуі үшін мақтау емес, бағыт-бағдар беру керек екен.
«Адамның бір қызығы бала деген» демекші, бала – адамның «шедеврі». Оның тұлға болып қалыптасуына ата-ананың күші керек, материалдық, рухани жағынан да үнемі қолдау көрсету қажет. Оның әр жеңісіне шын қуанып, әрі қарай да биік шыңдарды бағындыруына сенгені жөн. Бірақ әр жеңісіне қуану дегенді өзгеге баланың көзінен тыс не көзінше асыра сілтеп мақтау керек деп түсінбеген абзал.
Бұл баланы мақтамау керек деген де сөз емес, әр нәрсе мөлшерімен болғаны дұрыс. Ата-ананың осы қателігінен бала өмір бойы опық жеп өтуі мүмкін. Болар-болмас дүниеге мақтау естіп үйренген бала үлкен айдынға қадам басқанда, жылы сөздерді жиі естімейтіні анық. Себебі, ата-ана баласы жасаған тірлігінің кем-кетігін түземей, үнемі оң бағалап жүрсе, бала «осы жетеді» деумен жаман үйренеді. Сол қалпынан танбаса, бойға сіңіп, алға ілгерілеушілік деген ұғымнан ада болады.
Мақтау белгілі бір кезеңде көмектесуі мүмкін және ғалымдар осыны жиі айтады, бірақ бұл болжам ғылыми тұрғыда әлі расталып үлгермеді.
Баланы қалай мақтаған дұрыс?
Психолог Эдди Бруммельман балаға оң пікір айтқанда, мақтағанда пафосты сөздерді айтудың қажеті жоқ деп есептейді. Егер сіз баланы асыра сілтеп мақтап жатсаңыз, ақылды бала келесі мақтауды естімей қалудан қорқатын болады, сол мақтауды есту үшін, сізді қуанту үшін 100% мақтауға лайық етіп орындауға тырысады. Ал ақылы аз бала (ақымақ деуден аулақпыз) сол айтқанға масаттанып, тәкаппарлыққа бой алдыруы мүмкін.
Баланың қарым-қабілетін 20 жыл зерттеген Стэнфорд университетінің профессоры Кэрол Двек біршама нәтижеге көз жеткізген. Атап айтсақ, қабілетті баланы қолдау мен қиын істі бітіру үшін тырысқан баланы мақтау туралы тәжірибе өткізген екен. Жасаған жұмысы үшін немесе ақылы үшін мақтау естіген балалар арасында айтарлықтай айырмашылық болады екен. Ақылды балалар қолынан келетін істі ғана жасап, уақытты үнемдеген. Ал басқалары алдына берілген тапсырманың бәрін жасау үшін тырысқан. Бірақ алдыңғы топ 100 пайыз толық әрі дұрыс оырндаған, ал соңғысы шала орындаған екен.
Двек баланы мақтауда сақтықпен қараған жөн деп есептейді. Баланы жасаған жұмыс үшін емес, сол істі жасауға бел буғаны үшін, тырысқаны үшін мақтау керек дейді.
Әрине, бұл айтылғандардың барлығы баланың жасына тікелей байланысты. Мектеп жасына дейінгі баланы мақтау артық етпейді, керісінше көмектеседі. Ал одан үлкендерге мақтау айтарда байқаған жөн. Дженнифер Хендерлонг Корпус есімді психолог 9-11 жас аралығында мектеп оқушыларына әртүрлі тапсырма берген екен. Олардың кейбірінің мінезін, кейбірінің қылығын, енді біреуінің тапсырманы орындауын мақтаса, кейбірін мүлдем мақтамаған. Содан соң, ешқайсысы орындай алмайтын тапсырма берген, олардың алған әсерлерін тексерген екен. Мінезі мен қылығы үшін мақтау естіген балалар қиын тапсырманы орындай алмағаны үшін қатты ренжіп, сәтсіздіктеріне мұңайып қалған. Ал алдыңғы тапсырманы орындауға тырысқан немесе дұрыс орындаған балалар қиын тапсырманы қатесіз орындағанға дейін тапжылмаған.
Демек, баланы орынсыз мақтау келесі бір сәтсіздігінде сағын сындыруы мүмкін. Жетістігін өз көзімен көріп, сезінген баланы қолдасаңыз, келесіде өз күшіне сеніп, қалай да жетістікке жетуге тырысады.
Жалпы, кішкентайыңызда мақтау естігенде қандай әсерде болатынсыз? Ал есейгенде ше?