- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Лагерьдің оқушыға қандай...
Лагерьдің оқушыға қандай пайдасы бар?
Баланың бүгінгі ісі – ертеңгі күнінің жемісі. Сол себепті жасы кіші бауыр, қарындастарымыздың немен айналысатындығы бізді әрдайым қызықтыруы тиіс. Жазғы демалысының қызықты өтуіне жағдай жасап, мүмкіндігінше лагерьге жіберген жөн. Естеріңізде болса, осыған дейін лагерьдің оқушыларға тигізер зияны туралы айтқанбыз. Кезекті материалымызда керісінше оның пайдалы тұстарын талдауды жөн көрдік.
Үйде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болса да, үнемі еркелеп жүреміз. Бір жерге жұмсаса тіл алмай, ойын ойнап кететін әдетіміз де жоқ емес. Ал лагерьдегі жағдай басқа. Ол жердегі тәлімгерлер барлық балаға бірдей қарайды. Мұнымен қатар, ереже де ортақ. Бала лагерьге бара салысымен, ең алдымен, өз киімдерін өзі реттеп, жауапкершіліктің арта түскендігін сезеді.
Екіншіден, жаңа ортаға сіңіседі. Көп балалы отбасында өскен бала өзгелермен тез тіл табысады. Өкінішке орай, көп балалы отбасылар аз. Оның үстіне ата-аналар жұмысбасты болып, балаларымен аз сөйлеседі. Ал лагерьге барған бала қоғамдағы адамдардың түрлі мінезді екенін көреді. Ортасына сай өзі де икемделе бастайды.
Үшіншіден, көп лагерь қаланың сыртында, таулы аймақта орналасатындықтан, денсаулығының жақсаруына әсер етеді. Бассейнге түсіп, өсімдіктердің жаңа түрлерімен танысады. Мұнымен қатар, тау басына шығу мүмкіндігіне ие болады.
Физикалық белсенділік. Лагерьде барлығы уақытымен белгіленіп тұрады. Ешкім де күн тәртібінен қашып құтыла алмайды. Әдетте күн тәртібінің ішінде спорттық жаттығуларды орындайтын мезгіл болады.
Жан-жақтылыққа үйренеді. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ойындар ойнатылады. Қойылым мен мұражайға алып барады. Топ арасындағы сайыстардың арқасында білімін шыңдайды.
Мектеп қабырғасында оқитын бала еліктегіш келетіндіктен, құрдастарынан көргенін істейді. Егер барған ортасы жақсы болса, оның өзгелерден үйренері көп болады.
Ал сіз лагерьге барып көргенсіз бе? Оның пайдалы тұстары туралы не айтасыз?
Қ. Бүйенбай