- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Қыздар жиналысы жиі...
Қыздар жиналысы жиі өте ме?
Ата-анадан кейін басты тәрбие беруші – мектеп, араласатын орта, қарым-қатынасқа түсетін қоғам. Мектеп өмірінде ер балаларға бөлек, қыз балаларға бөлек арнайы жиналыстар өтетіні белгілі. Алайда, қыздар жиналысының маңызы жоғарырақ. Себебі, қыз баланың жаны нәзік, болмысы ер балаға қарағанда мүлдем өзгеше.
Қыздар жиналысына алдын-ала жоспар құрып, қандай мәселелер сөз болатынын жүйелеп, толық түрде дайындалу керек. Ұл да, қыз да қоғам дамуының басты көрсеткіші. Оларға ортақ ұғым – бала. Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адами құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтер шешуші роль атқаратыны белгілі.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол өз әкесіне қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана мен қоғам.
Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру мәселесі әріптестік педагогиканы талап етеді. Мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.
Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ол бар жерде береке де, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қалаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп ат салысуы қажет.
Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу – халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.
Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеп жүр. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да баршылық. Ата-аналары күн ұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз қырық үйден қойылар тыйымнан тыс қалып бара жатқан жайы бар.
Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.
Екінші кезең бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан еш сыр бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру – басты борышымыз. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.
Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Қыздар жиналысын өткізгенде осы жас айырмашылықтарын саралай отырып, олардың таным-түйсіктеріне сай ақыл айтып, жөн сілтеу де оңай емес. Себебі, әркімнің психологиясы әрқилы. Біреуге айтылған ақыл біреуге жақпауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде барынша абай болған дұрыс.
Мектепте қыздар жиналысы жиі өте ме?
Ә. Жутаева