Қытай білім жүйесін мектепке дейінгі дайындық, бастауыш мектеп, толымсыз орта білім, толымды орта білім, университет, аспирантура құрайды. Қытай Халық Республикасы 1949 жылға дейін болашақ шенеуніктерді ғана дайындаған. Ал өзге салалар мүлдем қамтылмаған екен.
Бүгінгі таңда жаппай сауатсыздық толығымен жойылған. Алдымен тегін 9 жылдық білім алып, артынша ЖОО-ға түсу мүмкіндігіне ие болады.
Мектепке дейінгі дайындыққа жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар кіреді. Балалар балабақшаға 3-6 жас аралығында барады. Аталған мекеме мектеп бағдарламасын жылдам игеруге дайындайды.
Бастауыш мектеп
Балаларды бастауыш мектепке 6 жастан бастап қабылдайды. Осы жерде 6 жыл білім алады. Қоғам мен табиғат туралы пәндер көбірек оқытылады. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, әрбір оқушының бойындағы патриоттық сезімді оятуға көп көңіл бөлінеді.
Ана тілі, математика, адамгершілік пен этика, музыка, шет тілі сынды пәндерге баса назар аударылады. 3 сыныптан бастап ағылшын тілі жиілей бастайды. 4 сынып оқушылары жылына 2 апта фермаларға, шеберханаларға барып жұмыс істейді. Барған жерлерінің тыныс-тіршілігімен танысады. Мұнымен қатар, әрбір оқушыға аптасына бір күн қоғам өміріне қатысты мерекелік кештерге, мәдени шараларға қатысу міндеттеледі.
Орта мектеп
Ол екі сатыдан тұрады. Алғашқысы – толымсыз орта білім, кейінгісі – толық орта білім. Оқушылар бұл мектепке 12-13 жастан бастап қабылдана бастайды. ҚХР заңына сәйкес әрбір республика азаматы 9 жылдық білім алуы керек.
Толық орта білім мектебі оқушыларды 15-16 жастан бастап қабылдайды. Оқушы өзі таңдаған оқу курсына байланысты 2 немесе 4 жыл оқиды. Әдетте жалпы курс академиялық және кәсіби техникалық бағыттар деп екі үлкен салаға бөлінеді.
Қытай білім басқармасы
Қытай білім басқармасының мақсаты - жұмысқа икемді, ЖОО түсе алатын азамат дайындау.
Академиялық бағыт - нәтижесінде ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін, орта стандартты мектеп.
Ал кәсіби техникалық бағыт іштей бірнеше түрге бөлінеді: арнайы техникалық, техникалық, кәсіби немесе ауыл шаруашылығы мектептері. Оқушылар арнайы техникалық мектепте 4 жылға дейін білім алады. Бағдарлама ауыл шаруашылығы, медицина, экономика, құқықтану салаларына қатысты мамандарды дайындауға бағытталған. Техникалық мектептер құрыш құю, киім тоқу және отын өндірісіне қажет мамандарды дайындайды. Ал кәсіби, ауыл шаруашылығы мектептерінде 3 жыл оқытады. Осы оқу орнын тәмамдаған соң оқушылар жұмысқа тұру құқығына ие болады.
Жалғасы бар...
Сурет:rudaki.ru