Көшеде қыстың ызғары білініп тұрса да, көп оқушы жұқа белдемше, қысқа күрте киюге құмар. Жастар осындай киімдер әсем көрінеді деп ойлайтын шығар. Алайда жастайынан ашық-шашық киінудің өзіндік салдары бар.
Қыз баласы табиғатынан дүниеге сәби әкелу үшін жаралған. (Анатомиялық құрылысына байланысты айтылды). Осылай жүріп, белімізге оңай суық тигізіп алуымыз да ғажап емес. Артынша белімізге тиген суық қабынуға алып келеді. Аяқтан суық өту, ауа райына сай келмейтін іш киім кию, көшеде тұрған суық орындыққа жайғасу, қысқа белдемшенің арқасында желдеп қалу сынды түрлі себебі бар.
Жатыр түтігі мен аналық безде жүретін қабыну процессі бедеулікке әкеліп соқтырады. Суық тиген кезде несеп жүйесі өзінің қалыпты жұмысын бұзады. Көп жағдайда циститке ұласады. Мұнымен қатар, қысқа күртеше мен кеудешенің салдарынан бүйрек ауырады.
Бел бұлшық етінің суықтап қалуымен байланысты өзге де қиындықтар бар. Осы қабыну барысында ауырлық омыртқааралық дискіге әртүрлі мөлшерде түсіп, нәтижесінде қанайналым жүйесі бұзылады, дененің иілгіштік қасиеті төмендейді, омыртқа қимылдауға мүмкіндік бермейді. Бел ауруы ақырындап сколиоз бен кифозға ұласады. 5-6 ай көлемінде суық ауа райында ашық-шашық киініп жүре беретін болсақ, аталған ауру түрлеріне міндетті түрде шалдығамыз.
Оқушы қыздарды бұл ақпаратпен қорқытқым келмейді. Өйткені адамның миы жағымсыз ақпараттан қорғануға бейім келеді. Алайда болашақ ұрпақтың денсаулығы біздің қолымызда екенін жадымыздан шығармайық.
Сурет: voxpopuli.kz (өңделген)