- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Құрдастарыңызды ренжітіп жүрсіз...
Құрдастарыңызды ренжітіп жүрсіз бе? #2
Агрессияшыл мінезді баланы кез келген ұжымнан кездестіруге болады. Ол былапыт, дөрекі, дисфемизм сөздер айтып, айналасындағыларды үркітумен болады. Дәл осындай бұзық баланы дос ретінде қабылдау өте қиын.
Алайда ең бұзық деген баланың өзі ерекше мейірімділік пен үлкендердің қамқорлығына зәру болады. Бұл – ішкі жайсыздықтың, ситуацияға дұрыс жауап бере алмаудың салдары.
Көп жағдайда агрессияшыл балалар өзін ешкімге керексіз сезінеді. Ата-анасының бала тәрбиесіне бей-жай қарауы немесе қатаң мінез танытуы баланы өзін ешкім жақсы көрмейтініне сендіреді.
«Мені жақсы көру үшін не істеймін?» сынды қиындықтар баланың алдында тұрады. Нәтижесінде осылайша құрдастары мен жасы үлкендердің көзайымына айналғысы келеді. Өкінішке орай, бұл ойларын жүзеге дұрыс асыра алмайды.
Әйгілі психолог маман Кряжева Н.Л. агрессияшыл балалардың мінезін төмендегідей сипаттайды:
♦ Агрессияшыл бала үлкендердің, мұғалімнің, құрдастарының көзіне түспейінше бұзықтық жасай береді. Олар адамның шыдамын тауысуды жөн көреді. Шу көтерілмей, төбелес басталмайынша тынышталмайды.
♦ Нәтижесінде ұрыс естіп, қатаң жазаға тартылатынын біле тұра бұзықтық жасай беретіндіктен, мұндай балалардың әрекетін ата-анасы мен ұстаздары түсіне бермейді.
♦ Шындығында мұның барлығын көпшіліктің көзайымына айналып, ерекше қамқорылыққа ие болғысы келгендіктен жасалады. Бала мына қатал өмірден қалай қорғану керектігін білмегендіктен, осылай жасауға мәжбүр болады.
♦ Агрессияшыл балалар өз айыптарын өзгелердің мойнына артқанды жақсы көреді. Олар өздерінің агрессияшыл мінездеріне, айналасына қорқыныш сезім сыйлайтынына дұрыс баға бере алмайды. Бар әлем тек соларды ғана ренжіткісі келіп тұрғандай көрінеді. Агрессияшыл балалар айналадағылардан қорқып жүрген кезде айналасы оларға жолаудан сескенеді.
Есіңізде болсын!
♦ Ашу мен ызаны іште сақтамаңыз! Бірақ оны сыртқа шығару үшін оңтайлы тәсіл табуыңыз керек. Мысалы, спорттық жаттығудың, қара жұмыстың көмегімен сыртқа шығаруға болады.
♦ Кез келген әрекетке қарсы жауап табылады. Егер айналаңыздағыларға дене жарақатын немесе моральдық залал тигізетін болсаңыз, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілікке тартыласыз.
♦ Кек, ыза, ашу, қызғаныш сынды сезімдер адамға тек кері әсерін тигізеді. Ал мұның сізге қажеті қанша?
Ал Сіздің сыныбыңызда агрессияшыл балалар бар ма?
Сурет: Инесса Шлапак
Қ. Бүйенбай