Күнделік – оқушының айнасы, оқу құралының басшысы секілді. Ол – оқушы туралы мәлімет беретін ақпарат қоры. Оның аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, мектебі, сыныбы, ата-анасының байланыс телефоны, мұғалімдерінің аты-жөні, оқитын пәндері, олардан алған бағалары, үй тапсырмасы, тәртібі, тіпті қан тобына дейін жазылып тұрады.
Ең алғаш мектеп табалдырығын аттап, «Әліппеден» бестік бағалар ала бастағанда, үйге қуанып келіп, бауырларыңызбен жарысып көрсеткен боларсыз. Кейбір оқушылар үшін күнделіктегі баға мен сыныптың реті кері пропорция секілді. Уақыт өте келе жоғары сыныпқа өткен сайын күнделіктегі баға азая бастайды. Сынып старостасы немесе озат оқушылардан құралған оқу секторлары апта сайын күнделіктегі баға саны мен ата-ана қолын тексеріп шығуы мүмкін. Кейін сынып жетекшісіне ескертпелер жазылған дәптерді береді. Мұғалім бүгінгі үй тапсырмасының келесі күнге жазылмағанын, ата-ана қолы қойылмағанын айтып, сұрақтың астына алады. Енді сізге сұрақ: Күнделікті неге толтырғыңыз келмейді?
Бірінші нұсқа
Ерінемін. Ойлаңызшы, күніне алты сабақ, әр сабақ сайын күнделікті ашып отырып, тапсырма жазып отыру... Сыныптасыма қоңырау шалып, сұрай саламын ғой.
Қалай шешеміз?
Сыныпқа кіргенде жұмыс орнына келгендей болыңыз. Іскерлік қағаздарды толтыру офисте жұмыс істейтін қызметкердің міндеті ғой. Сіз де күнделік толтыруды бір қызметім деп түсініңіз. Сыныптасыңыз – сіздің әріптесіңіз, екеуіңіз бірге толтырыңыздар. Мұның түк қиындығы жоқ. Еріншектік сіздің ақылды болғаныңызды қаламайды, ол – сіздің №1 жауыңыз.
Екінші нұсқа
Ұмытып кетемін. Қоңырау соғылған бойда екінші сабақтың кітап-дәптерлерін шығаруым керек. Сол арада күнделік ұмыт қалады.
Қалай шешеміз?
Күнделігіңіз сөмкеңізде жата ма? Сыныпқа кіріп, сөмкеңізден оқу құралын шығарарда күнделікті де үстел үстіне қойыңыз. Мұғалім сыныпқа үй тапсырмасын айтқанда не тақтаға жазғанда сіз де күнделікке дереу жазып қойыңыз.
Үшінші нұсқа
Арнұр мен Абылай асханаға бара жатыр, 6 «ә» сыныбының ұлдарымен дәлізде телефонмен футбол ойнаймыз, одан қалсам, біз ұтыламыз.
Қалай шешеміз?
Солай-ақ болсын. Ал сабақ ше? Мектеп тек достармен кездесетін орын емес. Сіз ініңізбен сөйлесіп отырсыз, ініңіз сізді тыңдамай есік алдына келіп тұрған достарымен ойнауға кетті. Сіздің сөзіңіз тыңдаусыз қалды. Қандай күй кешесіз? Күнделік те назарсыз қалады. 6 сабақ біткен соң, сыныптасыңыздың күнделігін алып жазып алыңыз. Сынып жетекшіңізден де сөз естімейсіз, ескерту жазылған дәптерде есіміңіз де жазылмайды.
Енді сәл әсерлілеу айтсақ: Анама сый
Анаңыздың көзінде сіз әлі баласыз. Ата-анаға баласының кішкентай жетістігін көру – үлкен сый. Бүгін анаңызға алған бестігіңізді, күнделігіңізді көрсетіп көріңіз. Баласынан игі өзгерістің барын көрген ананың қуанары сөзсіз.
Ал сіз күнделік толтырасыз ба және не үшін?