Мектеп өміріндегі басты мәселелердің бірі – оқу жылы басталысымен кітап алу. Көпшілігіміз кезекке тұрып аламыз. Кей кездері кітап жетіспей қалып, ата-анамыз сатып алып беретін де жағдайлар болып жатады. Одан бөлек әр кітаптың шығуының өзінде үлкен еңбек жатқанын елемей жатамыз. Баспадан шығуы, әр парағына жазылған дүниеге қаншалықты тер төгіліп, еңбек сіңірілетінін білеміз бе?! Сондай еңбекпен келген кітапты қалай күтеміз?!
Адамның рухани жан азығы саналатын дүниені қаншалықты таңдап-талдап оқысақ, соншалықты күтіп, дұрыстап ұстау қажет. Кез-келген кітап дүниеге оңайлықпен келмейді. Оның үстіне, жақсы кітаптар қолдан-қолға өтіп, парақтары тозып, беттерін кір басады. Кітапты мұндай жағдайға дейін жеткізбей күту керек. Ең әуелі, мұқабасын қаптап алған дұрыс. Әрбір оқыған кітапты ерекше ұқыптылықпен пайдаланған жөн. Парақтағанда саусақты суламай, ептеп ашса, оқып келген жерін қайырмай, арасына қалың заттарды емес, жіңішке ғана қағаз қыстыра салса, кітап көпке дейін жақсы сақталады. Кез келген кітапты күннің көзінде сақтамаған дұрыс. Себебі, кітап беттері сарғайып, бастапқы қалпынан өңі бұзылуы мүмкін.
Дәл сол секілді кітапты дымқыл жерде сақтаған да дұрыс емес. Өйткені, кітап арасы көгеріп, парақтары бір-біріне жабысып қалады. Кітапқұмар адам болсаңыз, үйіңіздің бір бұрышынан кітаптарға арналған арнайы сөре жасап қойсаңыз болады. Жоғарыдағы ережелерді ұмытпағаныңыз жөн. Мейлінше, жабық сөре болғаны жақсы. Кітапқа түрлі зиянкес жәндіктер құмар келеді. Бірі кітап желімін кемірсе, бірі парақтарына зиян келтіруі мүмкін. Сол үшін де, әр апта сайын кітап тұратын сөреңізді шаңсорғышпен тазалап тұрғаныңыз жөн. Адам баласына ауа қаншалықты қажет болса, кітаптарға да соншалықты қажет екенін ұмытпаңыз. Сол себепті де, сөредегі кітаптардың арасы тығыз орналаспағаны дұрыс.
Мектеп бағдарламасындағы кітаптардың жөні тіптен бөлек. Өзіңізден кейінгі буынның да ұстайтынын естен шығармағаныңыз жөн. Сізге сырты қапталмаған, парақтары жыртылған немесе түгел емес кітап келсе қандай күйде болacыз?! Сондықтан, өзіңізден кейінгі адамның білім алуына пайдаңыз тимесе де, зияныңыз тимесін. Кітапты бағалап, құнды дүниедей күтіп ұстап үйренейік!