- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Көкжиек кеншілерін танисыз...
Көкжиек кеншілерін танисыз ба?
Мақсат. Міндет. Массагет. Бұл үштік өткен жылдан бері егіз ұғымға айналды. Осы үштіктің басын құрап, байқау ұйымдастыру – мектеп оқушылары үшін жазғы демалысты жан-жақты өткізуге үлкен мүмкіндік.
«Кен» тобында (немесе «Ken») аспаздық өнерді меңгеріп, іс тоқумен айналысып, қолөнермен шұғылдануға, сонымен қатар, меңгерген қабілетті пайдаға асыра білуге мүмкіндік барын өткен жолы айтқан болтынбыз.
«Сонымен қатар, білім көкжиегін түріп, шет тілін игеріп, гитара аспабын тартуға және логикалық тапсырмаларды (судоку) шешуге, энциклопедиялық сауат ашуға үлес қосамыз. Бастысы, мақсатқа жету жолында кедергі туса, «Б жоспарын» құруды да үйренеміз. Ал топтың атауы қызықтырса, ол мынадай мағына үстейді: «Кен» – байлық, қабілет-қарымға байып, білім көкжиегімізді арттырамыз. Көкжиек демекші, "ken" сөзі ағылшын тілінде «білім көкжиегі» деген мағынада жұмсалады. Сонымен білім байлығының алаңында, көкжиек даңғылында сізді күтеміз». Топтың мақсаты хабарланған соң, топқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар өтініш білдіре бастады. Айтқанымыздай, көкжиек даңғылында алғыр, тез ойлап, тез шешім қабылдайтын мынадай қыздар жиналып, топ құралды.
Аяулы анасын үлгі тұтып, оның асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өсіп келе жатқан Әселханым Ғайнеденнің өмірде қойған мақсаты көп. Сол мақсаттардың алғашқы қадамдарын Массагетпен бірге жасағысы келеді. «Әдемілік пен даналықтың кілті – шынайылық» дегенді ұстанып, бақытқа шынайылықпен жету – мұраты. Аты ерекше Әселханым 1999 жылы қаңтар айының 11-жұлдызында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Орлы ауылында дүниеге келген. Өзін өнерде де сынай алатын Әселханым театрда да, музыкада да құр алақан емес. Шағын қойылымдар қойып, гитарамен «әу» дей алатын ерекшелігі бар.
Тоғызқұмалақ ойынын сүйіп ойнайтын Нұрсана Кеменғали 1999 жылы 2 қазанда Шығыс Қазақстан Облысы Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. Нұрсана қыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Хакім Абайдың даналығын жүрегіне түйіп ұстайды. Анасын үлгі санайды. Оның үлкен арманы бар. Кітапқұмар Нұрсана үлкен кітап сөресінің болғанын қалайды. Арманың орындалады, Нұрсана қыз!
Айгүл Жүсіп есімді қатысушымыз – Маңғытау өңірінің тумасы. 2000 жылы 31 мамырда дүниеге келген Айгүл алғыр да зерек. Жан-жақтылықты ұнататын ол бос уақытында кітап оқығанды, гитара тартқанды, тек десерттік тағамдарды пісіргенді жаны сүйеді. Видеоблогтарды өте жақсы көреді. Алдағы уақытта осы бағытта өзін шыңдағысы келеді.
Арамыздағы ақын қыз – Ұлмекен Олжабек. Өткен жылы әпкесі Жансая бақ сынаған байқауда биыл екеуі де қатар сыналмақ. Ол 2001 жылы қыркүйектің 12-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында дүниеге келген. Жалқаулықты жек көретін, кітабын серік көретін ол қиындықтарды «Тек қана алға, Мақсатыңа жетпейінше шаршап, талма!» деген ұранмен жеңеді. Замандастарына «Ерінбе тек,терді төгіп,аянбай сен еңбек ет!» деп өлеңмен үн тастайды.
Назима Юлдашева. Нәзік те талдырмаш қыз – Массагеттің тұрақты оқырманы. 2001 жылы қыркүйек айының 23 жұлдызында Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Кішкентай ғана жүрегімен үлкен үміт арқалап жүрген ол Ел болашағы – балаларға ағылшын тілін үйретіп, жақсылыққа баулитын ұстаз болғысы келеді. Нәзіктігіне қарамастан, спорттық ойындарға қатысып, талай жарыстарда топ жарып жүрген. Бұл жолы мақсатын айқындап, байқауда бас сынамақ.
Көкжиек даңғылына сонау Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сафоновка селосынан келген Әсел Аққалиева. 2001 жылдың қазан айының 14-ші жұлдызында дүниеге келген. Кішкентай күнінен еңбекке жақын өскен қыз әкесіне көмектесіп, жазғы демалысын қой бағуға арнайды. Қыздар үшін тың жұмыс. Алдына ерекше мақсат қойған зерек Әсел жас шахматшы Жансая Әбдімәлікке еліктейді. Себебі, ол да шахмат ойнағанды жақсы көреді. Сәттілік!
Келесі қатысушымыз да Атырау өңірінің тумасы. Есімі – Рысгүл Қазбекқызы. 2002 жылы наурыз айының 5-жұлдызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында дүниеге келген. Оның өмірлік ұстанымы ерекше: «өзіміз қалаған 1 пайызды тауып алып, оған 100 пайыз еңбек салу және басқаларға үлгі болардай адам болуға тырысу». Еңбекті сүйетін ол көп әрі биік шыңдарды бағындырарына сенеді.
Тағы бір нәзік – Айсұлу Нұрбатырқызы. Айсұлу Алматы қаласының тұрғыны. 2004 жылы 22 шілдеде дүниеге келген. Ескерсеңіз, ертең – оның туған күні. Ол пианино аспабында ойнайды. Анасын үлгі тұтатын өнерпаз қыз биік шыңдарды бағындырарына сенеді.
Арамыздағы жасы бойынша ең кіші әрі батыр қыз – Ләззат Асанова. Ол 2005 жылы 18 наурызда Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында дүниеге келген. «Бейнеу гимназиясы» мектебінде 5-сыныпты бітірген. Арманы – журналист болу. Себебі мен кітап, газет, әдеби кітаптарды оқығанға, елдегі болып жатқан жаңалықтарды білуге құштар. Балалар журналын сүйіп оқитын ол осы байқауда аға-әпкелерімен бақ сынағысы келеді. Сурет өнерін де жақсы көкреді. Талапты қыздың мақсаты көп.
Бірлікті қолдаған ақылды қыздар біріге отырып, «Қандай сынақ болсадағы беріспе, Әрқашанда үміткерміз жеңіске!» деп ұрандатып, байқауда бақтарын сынап, жеңілке ұмтылатынын жеткізеді.
Г. Берік