- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Келешегі кемел «Кемеңгерлер»...
Келешегі кемел «Кемеңгерлер» кімдер?
Порталымызда мектеп оқушыларына арналған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» байқауы басталды. Басты мақсат – оқушылар жазғы демалысында пайдалы іспен айналысып, өзгелерге де өнеге болуына жағдай жасау. Байқауға қатысуға тілек білдірушілер бір күн ішінде топ жасақтап үлгерді. Басым бөлігі болашағын журналистикамен байланыстыратын қыздардан құралған «Кемеңгер» тобы он адамнан тұрады. Маусымның жиырмасы күні сағат тілі он екіні соққанда алғашқы жазбаларын жарыса жариялаған жайдары қыздарымды таныстырып өтейін.
Ақмарал Канал – 2000 жылы 4 мамырда Алматы облысы, Есік қаласында дүние есігін ашқан. «Ә» дегеннен, алғашқы блогын диалог қалыбында құрып, ерекше стилімен елді елең еткізді. Ол шынайылықты жақсы көреді. Өлең де, ән де шығару қолынан келеді. Өзі де тамылжыта ән салады, дауысы жағымды. Теледидарда жаңалық жүргізетін дикторлық қабілеті бар. Өзі жазғандай, «тандыр ысып тұрғанда нан жауып қалуды» мақсат тұтқан қызымыз аса пысық екені, алғаш боп тіркелгенінен-ақ көрініп тұр.
Айнұр Мейрбек – Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында 1999 жылы сәуір айының 30 күні өмірге келген. «Айта берсін жұрт» деп ұрандаған Жанар Дұғалованың жолын ұстанып, оның анасындай болған Баян Есентаеваны үлгі тұтады. «Әу» демейтін қазағы жоқ халықтың би де билейтін қырмызы қызы. Өзіндік ырғағымен өлеңді мәнерлеп оқып, поэзияға өз қаламын да серпеді. Мектептегі іс-шаралар Айнұрдың жүргізушілік, ұйымдастырушылық қабілетінсіз өтпейді.
Жангүл Алмас – мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ республикалық «Лидер» газетінде редактор орынбасары қызметінің дәмін татып үлгерді. Ол 2000 жылы 2 қазанда Ақмола облысы, Есіл ауданында дүниеге келген. Он бес жылға жуық ғұмырында біраз белесті бағындырып, талай жүлдені қанжығасына байлады. Қазақтың әр кезде қолданған жазулары – төте жазуын, руна жазуын меңгерген. Тоғызыншы сыныпты ерекше аттесттатпен аяқтаған қызғалдағымыз киноға түсуді армандайды. Алғашқы блогқа қоятын суретті бәрімізге бірдей етіп өңдеп берген де Жангүліміз болатын.
Гүлсезім Әйтімова – Атырау өңірінің тумасы. Құрманғазы ауданы, Ақкөл селосында 2002 жылы 1 маусымда өмірге келген. Тәтті тағамдар әзірлеуге жаны жақын. Қазақтың өзі де, сөзі де болған қасиетті қара домбыраны жаны серік етеді. Жайдары жүзімен кез келген жанды баурап алып, бірден жақын араласып кететін бауырмал қыз. Айтқаныңды қағып алып, екінші рет еш қателеспеуге тырысады. Оның ерекшелігі – басқалардың қолынан келмейтін бүгіншілдік. Өткен істі ойлап, келешекті уайымдап бас қатырмайды, барды бағалап, бүгінгімен күн кешеді.
Бір-бірінің жазбасындағы қателігін түзетуде аса қырағылық танытқан сауатты қызымыз Ақжарқын Нұрлан 2000 жылы тамыздың 25 күні Алматы қаласында туған. Ақындық қабілетімен қоса, мың бұрала билеуге де икемді. Атына заты жарасқан, туған айдай жарқыраған сүйкімді қызымыз бос уақытында велосипед теуіп, салауатты тұрмыс салтын ұстануды ұнатады. Білік пен білімге құштар Ақжарқынның болашағы жарқын!
Ақниет Жаманқұл 2002 жылы 17 наурызда ОҚО, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылында өмірге келген. Ақниет тапсырманы уақытында орындайтын тыңғылықтылығымен көзге түсті. Жаңа нәрсені үйренуге ұмтылып, қазағымыздың тарихы жазылған төте жазуды меңгеруге ден қойды. Алдыңғы аталған қыздарым сияқты, Ақниет те өнерден кенде емес, ән айтады, өлең шығарады. Барлық істі жылдам әрі жауапты атқаратын Ақниеттен болашақта нағыз заманауи, жедел (оперативті) жұмыс тындыратын журналист шығады.
2001 жылы 10 қарашада жарық жалғанға келген Ақжарқын Сауранбай болашақта салық ісінің майталман маманы болғысы келеді. Алайда кез келген жаудың мәселесін де, даудың мәселесін де тілмен шешкен қастерлі қазақтың ұрпағы болған соң, сөз өнерінен, журналистикадан іргесін аулақ салмауды қалапты. Бос уақытында бой сергітіп, би билейді, анасының қолқанаты.
Әсем Жолдасова 2002 жылы 20 мамырда ОҚО, Сарыағаш ауданында туып өскен. Ол өткен жылы осы байқауда «Томирис» тобының құрамында болып бақ сынады. Мақсатын 80 пайызға орындады, 40 қатысушы ішінен 14-орынды еншілеп, Массагеттің арнайы тағайындаған тартуына ие болды. Биыл тәжірибелі қатысушы ретінде «Кемеңгер» тобына қосылды. Осы жылы жазғы демалысын төте жазуды үйреніп, бұрын жат санаған әдебиетпен етене араласуды мақсат тұтып отыр.
«Кемеңгер» тобындағы жасы ең үлкен қатысушы – Томирис Есқали. Ол – ару Атырау қаласының тумасы. 1998 жылы сәуір айының 25-ші жұлдызында дүние есігін ашты. Биыл алтын ұя мектебімен қоштасып жатыр. Балаларды жанындай жақсы көретін Томиристің қолынан келмейтіні жоқ. Би де билейді, бейнелеу өнерінен де қашық емес, қолөнер бұйымдарын жасайды. Тілі де, стилі де бөлек жазбаларынан басқа қатысушылардан жас ерекшелігі бар екені байқалып тұрады, яғни өте сауатты жазуға төселген.
Ал менің тобымдағы ең кішкене «кемеңгерім» – Аяулым Алмас. Ол 2009 жылы 2 тамызда Ақмола облысы, Есіл ауданында дүниеге келген. Өзі тарыдай болғанымен, талабы таудай. Әнші балапан, биші балапан деген атаудың бәрі бір өзіне жарасады. Оған қоса, гимнастика өнерімен шұғылданады. Сурет салуды жақсы көреді. Кішкентаймын деп көштен қалмай, әпкелерінің өкшесін басып, солар салған сара жолдан таймай жүріп келеді.
«Кемеңгер» тобына өте алғыр да, зерек, тіл алғыш, тапсырманы дер кезінде орындайтын пысық қыздар жиналғанына аса қуаныштымын. Олармен бірге өткізген әр сәт көңілді. Танысып-біліскен бірнеше күн ішінде туған сіңлімдей жақындарыма айналды. Жазғы демалысты құр өткізбей, барша мақсат-мұратымызға Массагетпен бірге жететінімізге сенімдіміз. Біздің ұранымыз:
Кемеңгерлік жолында, «Кемеңгер» боп қаламыз,
Массагетпен әрқашан жалынды боп жанамыз.
Оттай лаулап әрқашан, мәңгілікке бәріміз,
Жұдырықтай жұмылған, бір отбасы боламыз!