Бүгін Қазақстан-2050 жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен еліміздің бірнеше қаласындағы мектептерде 1 миллионнан аса оқушының қатысуымен жалпыұлттық Жасыл сабақ өтті. Жасыл сабақ жобасының негізгі мақсаты оқушыларға экологиялық бағыттағы тәрбие беру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бейімдеу және коммуналдық игіліктерді ұтымды тұтыну қағидаларын үйрету. Жоба аясында психологтар мен педагог мамандардың арнайы қатысуымен Жасыл сабақ атты әдістемелік құралы әзірленді. Әдістемелік құрал мектеп мұғалімдеріне көмекші болса, оқушыларға танымдық оқулық ретінде ыңғайлы етіп дайындалған. Әдістемелік құрал балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Қазақстан-2050 жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеевтің айтуынша, аталған жоба қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосатын болады. Осы жобаны жүзеге асыру арқылыоқушыларға ауызсу мен электр қуатын ұқыпты және тиімді пайдалануды үйретуді көздейміз. Күнделікті тұрмыста аса мән бере қоймайтын қатты тұрмыстық қалдықтарды ұтымды жолдармен жою және оларды қайта пайдалану мүмкіндігін де қарастырамыз. Атмосфераға зиянды қалдықтардың тасталуын азайту мен қоршаған ортаны сақтау үшін жасыл технологияларды қолдануға баулитын боламыз, - деді М.Манкеев. Жоба Қазақстанда азаматтық қоғам негіздерін қалыптастыру мен дамытуға ықпал ету мақсатында Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы құрылған Қазақстан-2050 жалпыұлттық қозғалысы ҚБ үкіметтік емес ұйымының бастамасы бойынша әзірленді. Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен SAMRUK-KAZYNA TRUST әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.