Қазақстан мектептерінде кейбір пәндер тек қазақша оқытылады

Қазақстан мектептерінде кейбір пәндер тек қазақша оқытылады
Фото: tn.kz

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жыл сайынғы тамыз жиналысында 2020 жылы мектеп бағдарламасының қалай өзгеретінін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, бастауыш мектептің үшінші сыныбында "Жаратылыстану" және ақпараттық-байланыс технологиялары пәндері енгізіледі, сонымен қатар, "Дүниетану" пәні жаңа мазмұнмен толығады.

Сәрінжіпов "Жаратылыстану", "Дүниетану" пәндерінің мазмұнына "Адам және табиғат", "Адам және әлем", "Адам және қоғам" ғылымдары жүйесіндегі қарапайым дәрежесінің қосылатынын түсіндірді. 

"Жаратылыстану" - жоғарғы сыныптардағы биология, физика, химия сияқты пәндерді үйретуге алғышарт ретіндегі курс. Сонымен қатар, "Дүниетану" өз кезегінде қоғамдық-гуманитарлық пәндердің базасы. Олар білімнің барлық саласындағы зерттеу машықтарына негіз салады", - деді министр.

Ақпараттық-байланыс технологиялары пәні компьютерлік технологияларды қолданудың практикалық машықтарын қалыптастыруға бағытталған. Үшінші сыныптың оқушылары кестемен, сызбалармен, графикамен, диаграммамен, дианализбен, интерпретациямен жұмыс істеп үйренеді.  

"Негізгі мектепте жаңа пәндерді қосу ұсынылып отыр: 5-6 сыныптарда жаратылыстану ғылымдарын енгізу, олар бастауыш мектепте оқытылатын "Жаратылыстану" пәнінің негізінде болады. Оларды енгізгеннен кейін бесінші сыныптағы "Жаратылыстану" мен 7-8 сыныптардағы "Физика", "Химия" пәндерінің арасындағы алшақтық жойылады. Осылайша мектептегі жаратылыстану ғылымы бойынша білім беруді үздіксіз етуге мүмкіндік болады", - деп хабарлады Сәрінжіпов.

Ведомство басшысы "Қазақстан тарихы" пәнінің 5 сыныптан емес, 6 сыныптан бастап "Дүниежүзі тарихы" пәнімен қатар оқытылатынын атап өтті. 

Сонымен қатар, ол дене шынықтыру бойынша сабақтардың денсаулықты қуатты етуге, үйлесімді құруға бағытталатынын және оның мектеп оқушыларына қызықты болатынын атап өтті. "Сондықтан басты назар мәжбүрлемей физикалық дамытуға аударылады", - деді Сәрінжіпов. 

Мұнымен қатар, оның айтуынша, жоғары сыныптарда міндетті пәндердің санын азайту ұсынылып отыр. "Тереңдетілген деңгейдегі үш міндетті пән және стандартты деңгейіндегі төрт міндетті пән енгізіледі. Қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика бағытындағы мектептерде бұл пәндердің үйлесімі түрліше болады. Таңдау пәндері де тереңдетілген және стандартты деңгейде болады. Оқушылардың оқу деңгейін және пәндердің санын анықтауға құқығы болады, бұл арқылы оқушылардың жеке қызығушылықтарын, бейімі мен қабілетін дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік туады", - деді Сәрінжіпов.

Министрлік басшысының айтуынша, "Ғаламдық мүмкіндіктер және жобалық қызмет" деген жаңа пән енгізіледі, ал қазақ тілі мен орыс тілін деңгей бойынша үйрету бірінші сыныптан басталады.  

Ол үш тілді білім беру моделінің енгізілетінін айтты. Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білуге ерекше мән беріледі. 

"Қазақ әдебиеті" пәніне қосымша ретінде "Қазақстан тарихы" мен "География" пәндерін барлық мектепте оқыту тіліне тәуелсіз түрде қазақ тілінде оқыту ұсынылады. Жоғары сыныптарда ағылшын тілімен оқытуға дайындық басталып кетті", - деді министр.

Негізгі мектептерде жаратылыстану-ғылыми кезеңінің пәндері бойынша терминологияны өтпелі оқыту ұсынылып отыр, дайындық аясында белгілі бір тақырыптарды, курстарды оқытуға арналған сыныптан тыс іс-шараларды ағылшын тілінде өткізу жоспарланған. Жазғы тілдік маусым өткізу жоспарланып отыр, оны өткізуге педагогикалық жоғары оқу орындарының 3-4 курстарының студенттері тартылады. Мұнымен бірге, жоғары сыныптарда "Информатика", "Физика", "Химия", "Биология" пәндерін ағылшын тілінде оқыту ұсынылды. 

"Мектептерде жаңа мазмұнға өту "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" (НЗМ) тәжірибесінің негізінде жүзеге асырылады. Олардың тәжірибесі қазақстандық барлық білім беру жүйесіне таралады. Алдағы оқу жылында біз НЗМ тәжірибесінің трансляциясын 30 пилоттық мектепте бастаймыз", - деп хабарлады Сәрінжіпов.

"2016 жылы жаңарған мазмұға республиканың барлық бірінші сыныбы өтеді, 2017 жылы екінші және бесінші сыныптар өтеді, сәйкесінше 2018 жылы - үшінші, алтыншы, тоғызыншы сыныптар. Ал жаңа мазмұнға жалпы 2020 жылы өтеміз деп жоспарлап отырмыз", - деп қорытты министр. 

М. Бисембаева