Оқушылар мен ата-аналарға арналған алғашқы ғылыми-көпшілік OYLA журналы қазақ тіліндегі нұсқасын қайта жандандырады. Журналдың мемлекеттік тілде шығуына Қазақ географиялық коғамы мен Chevron, ForteBank және «Тенгизшевройл» компанияларының қолдауы сеп болып отыр. Сонымен қатар, журналдың қайта шығуын интернет желісіндегі петицияға қол қойған әлеуметтік желілер пайдаланушылары қолдады.
2016 жылы жазылушылар саны тым аз болғандықтан OYLA редакциясының қазақ тіліндегі шығарылымын тоқтатуға мәжбүр болды. Енді ай сайын орыс тілдегі нұсқасымен қатар қазақ тіліндегі журнал да шыға бастайды. Алғашқы таралымы – 2500 дана, олар қазақстандық мектептер мен балалар үйлеріне таратылады. Сонымен қатар әрбір азамат журналға жеке жазыла алады.
«Біз ғылым мен технологияның тілін үйреніп, оны балаларға жеткізгіміз келеді. Өйткені өскелең ұрпақ оқу мен жасампаздықтан қорықпауы қажет. Біз қазақ мектептерде оқитын балалар үшін мемлекеттік тілдегі ақпарат пен дәріс алудың өте маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан да Қазақстанда шығатын бірден бір ғылыми-көпшілік журналға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге ризашылық білдіреміз. OYLA журналы мектеп оқушыларының көңілдерінен шығады деген ойдамыз», – деді журналдың бас редакторы Гамзат Бияров.
«Бұл жоба іске асуының бастауында болғанымыз – біз үшін аса қуанышты жайт. Қазақ Географиялық қоғамы географиялық және өзге де қоғамдық, табиғаттану ғылымдарының дамуына үнемі қолдау көрсетеді. Бұл — біздің ең басты міндеттеріміздің бірі. Біз әлемді танудың бірден-бір жолы саяхаттау деп санаймыз. Ал балалар біздің болашағымыз, ендеше мұндай іс балалардың танымдық өрісін кеңейтері де сөзсіз. Сондықтан да біз үшін балаларымыздың арман-қиялы тұсалмауы, жан-жақты толысып, жаңа нәрселерге ұмтылуы аса маңызды. OYLA журналынан қызықты саяхаттар, қатерлі тау шыңдарын бағындыру, тартымды зерттеулер туралы оқып, ҚазГео-мен бірге әлемді тану жолында көңіл көкжиегін кеңейтіңіз!»– деді Нұрлан Әбдуов, «Қазақ Географиялық Қоғамы» ҚБ Қамқорлық Кеңесінің төрағасы.
OYLA – Қазақстандағы алғашқы ғылыми-көпшілікке бағытталған журнал, орта және жоғарғы сынып оқушылары мен білімге құштар ересектерге арналған. OYLA журналы жаратылыстану ғылымдары – математика, физика, химия, биология, астрофизика бағытындағы мақалалар, гуманитарлық ғылымдар – тарих, риторика, тіл ғылымдары саласындағы және жалпы танымдық мақалалар, қызықты оқиғалар, теоремалар мен есептерді анықтау, өнертабыстар, ғалымдардың ашылулары туралы ақпарат береді. Біз балаларға күрделі ұғымдарды жеңіл тілмен түсіндіреміз.