Алматы, Қызылорда және Павлодар қалаларындағы мектеп оқушылары қыркүйектен бастап шахматты дәріс ретінде оқиды. Бұл туралы Ғылым қорының атқарушы директоры Айғаным Малышева мәлімдеді.
"Алматы, Қызылорда және Павлодар қалаларындағы 42 мектепте аптасына бір сағат шахмат ойынының ережесі оқытылады. Біз оқулықты орыс және қазақ тілдерінде дайындадық. Оқулықты қазақтың танымал шахматшылары Флюра Хасанова мен Гүлмира Даулетова дайындаған", — дейді қор басшысы Малышева ханым.
Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) берген мәліметіне орай, жыл басында 1500 оқушыға шахмат оқулықтары табысталады. ҚШФ атқарушы директоры Ирина Грищенконың айтуынша, жобаға қатысушы психологтар шахмат ережелерін үйрену барысында баланың есте сақтау қабылеті мен стратегиялық ойлауының даму үдерісін белгілеп отырады. "Болашақта бұл жобаны өзге мектептерде де дамыту жоспарланған", — дейді Грищенко ханым.
Жобаға қатысып жатқан әрбір мектепке 20 шахмат тақтасы мен оның тастары беріледі. Одан бөлек оқытуға қажет болған барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, жобаға жауапты 36 оқушы мен 20 психолог Алматы қаласында арнайы тренингтен өтеді.