Білім министрлігі аз қамтылған отбасыларға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға берілетін көмек көлемін ұлғайту туралы бастама көтерді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы 400 мыңнан астам бала мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болады.
"Егер бұрын бөлінген сома 17-ден 40 мың теңгеге дейін болса, биыл Білім министрлігінің талабы бойынша көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек", - делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету механизміне өзгерістер енгізілген. Енді ақша ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өз бетінше таңдауы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алып, тауардың көлемі мен сапасына байланысты мәселелер туындайтын.
"Всеобуч" қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және т.б. қаржылай көмек беріледі.
"Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде оқушыларды қолдауды әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаларға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды (17 мың, 20 мың және 25 мың). Бүгінде ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны құптаймыз. Қаражат көлемінің өсуі осы көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға тиімді", - деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Айта кету керек, Балалар жылында Республиканың Білім министрлігі "Всеобуч" қорының аясында мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізген болатын.