- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жүрегімде қалады мәңгі...
Жүрегімде қалады мәңгі есімің
Әр адамның өмірінде тағдырын түбегейлі өзгертетін аяулы жан болады. Ол – ұстаз. Жүрегіміз алып-ұшып мектепке алғаш рет келген кезде, қолымыздан жетектеп, мектеп партасына отырғызатын да осы жан. Сол уақытта оның әрбір айтқан сөзі біз үшін заң болатыны есіңізде ме? Әке-шешемізге келіп, «Олай жасауға болмайды, бұлай етуге болмайды, апай айтты» деп ақ пен қараның жігін ажырата бастаймыз. Мектеп өмірі – үлкен өмір болмаса да, аузымыздан ана сүтінің дәмі кетіп, кітап құшақтаған шақ. Ендігіде мәшиненің түсі мен қуыршақтың киімі емес, үй тапсырмасы туралы сөз айтылады. Өзімізге жаңа достар тауып, алғашқы махаббатымызды да жолықтырамыз. Жылап мұңаятын, қуаныштан төбеміз көкке жететін кездер де болады. Тізе бүктірген жеңіліс пен көкіректі кернеген жеңістің дәмін сезінеміз. Осының барлығына 11 жыл бойы ұстазымыз куә. Олардың ерен еңбегін ақтау мүмкін емес.
Ұстаздар әртүрлі болады. Әрқайсысының бойында қайталанбайтын қасиет бар. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, ең бастысы, бізге сапалы білім мен үлгілі тәрбие береді.
Біз ұстаз бар сөзінен адалдықты, адамгершілікті, шынайылықты сезінесің. Ақ пен қараның жігін тайға таңба басқандай ажыратып, жақсы мен жаманды айырасың. Ең бастысы, осы ұстаздардың арқасында мейірімді болып, өзгелерге қамқорлық көрсетуді үйреніп, білім мен ғылымға қарайлайсың.
Енді бір ұстаздан оптимист болуды үйренесің. Оның алып-ұшқан жүрісінен, күш-қуатын нәр аласың. Үнемі күлімсіреп тұратын жүзіне таңқаласың. Әдетте қатты мұңайған кезде есіңе түсіп, бойыңды бірден жинақтайсың.
Келесі бір ұстаз қулық жасауды үйретеді. Рас айтамын. Мұны сезбеген шығарсың. Ол астарлап, өмірдің заңы тым қатал екенін айтып, әділдікті көксей беретін болсаң, жеңіліс табатыныңды алға тартады. Жүрегің сыздап тұрса да, қас дұшпаныңның алдында бойыңды тік ұстап, мұңыңды жасыруға баулиды. Көзден ытқып шығайын деп тұрған жасты тыйып, қандай жағдай болса да намысты қолдан бермеуге үйретеді.
Бір ұстаз бар білім мен ғылымның нәрімен шынайы сусындатады. Ол үшін сенің әкең мен шешеңнің шені маңызды емес, қарсы алдында талапты шәкірт отырса болғаны. Берген білімі үшін қосымша ақша талап етпейді. Өзінің мектептегі миссиясын жетік түсінеді. Айладан, сезімнен ақылды артық көреді. Ақылға бағынуды үйретеді.
Кербез жүрісі мен сөйлеу мәнері, киіну стилі тамсандыратын ұстаз болады. Оған барынша еліктегің келеді. 45 минут бойы жүзіне қарап, сүйсінумен боласың. Ал ең жақсы ұстаз – сыныптағы 30 оқушымен 30 тілде сөйлесе білетін ұстаз. Оқушыларға айқайлап, аттандап, оларды өз еркіне бағындырмайды, керісінше шәкірттерінің жан-жүрегіне бойлайды. Психологиялық жай-күйін терең ұғынады. Әрқайсысының мұңын бөлісіп, қуанышына ортақ болады. Қажет болса тіреуіштің рөлін атқарады. Осы ұстазды ең жақсы деп бағалаймыз.
Ұстаздарға айтар алғысымыз шексіз. Биологиялық анамыздай 9 ай бауырына басып, толғатпаса да, осы іспеттес тер төгеді. Келе жатқан мерекелеріңізбен Массагет ұжымы шын жүректен құттықтайды! Әрдайым бақыттың құшағында болыңыздар! Ал оқушылар ұстаздарыңызды ренжітпеңіздер!
Қ. Бүйенбай