Бір-бірін «батырым» деп еркелеткен қазақ бабамның ұрпағы әрдайым ірі болуы тиіс. ХХІ ғасырдың жігіті қолына найза алып жауға шаппаса да, кешегі Қайраттардай қазақ қыздарын өзгенің жетегінде кетуден қорғап, елінің болашағын жасауға ат салысуы керек. Міне, менің көкейімде дәл осы ойлар жүр. Ер Төстік, Алпамыс, Қобыландыларды қоя тұрғанда Абылай, Кенесары, Наурызбай, Қарасай сынды алып тұлғаларға қайран қаламын. Мыңмен жалғыз алысуға мүмкіндік берген қандай күш десеңізші.
Қиындықтарымды жұртқа жариялауды жөн көрмеймін, алайда автордың аты көрсетілмейді деген соң жазып отырмын. Үш қыздың ортасында өскендіктен бе, тым сезімталмын. Өзім 9 сыныпта оқимын. Әдеттегідей жоғары сынып оқушылары бізден ақша жинайды. 1 сыныптан бері таэквандоға қатысып жүргендіктен, өзім үшін жауап бере аламын. Сол себепті менен сұрамайды. Қатарластарымның сүмірейіп, ата-анасы маңдай терімен тауып берген ақшасын оңай бере салатындығына ашуым келеді. "Үнемі ақша беріп жүре бергенше, таяқ же, артынша сенен ақша сұрамайтын болады" деп те айттым. Өзіммен бірге жаттығу залына баруға мәжбүрлеп жүрмін. Басқа амалым қалмады. Қашанғы осылай жүре береді екен? Тіпті, осыны көрген сыныптас қыздарымыз қатарластарымды сыйламайды. Басқа жігіттермен сөйлеседі.
Олардан ақша сұрап жатқан кезде араласайын десем, 11 сыныптың барлығына қарсы тұруға физиологиялық мүмкіндігім жетпейтінін жақсы білемін. Мектеп сақшысына айтсам ба екен? Әлде спорттағы достарымды жинап келіп бір «сабақ» берсем бе екен? Қалай ойлайсыздар?
Автор: Құпия оқушы
Редакциядан: Құрметті оқушылар мен ата-аналар! Мектеп қабырғасында түрлі қиындық болады. Сол оқиғаны жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдау арқылы өзгеге де көмегіңіз тиюі мүмкін. Мұнымен қатар қиын мәселені оқырмандармен бірге талдаймыз. Ең бастысы - автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Сурет: voxpopuli.kz