- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жидебайда дәстүрлі XVII...
Жидебайда дәстүрлі XVII республикалық Абай оқулары өтті
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы жыр мекені Жидебайда оқушылар арасында дәстүрлі XVII республикалық Абай оқулары өтті.
Шараны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдері ұйымдастырды.
Сайысқа әділқазы алқасының мүшесі ретінде Абай қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбеков қатысып қайтты. Республикалық Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» – Абай мен Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу; «Көңілім әнді ұғады» – Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – жас дарындар өз шығармаларын (өлеңдер, әндер, күйлер) орындау.
Абай оқуларына әр облыстан, республикалық мектеп-интернаттардан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің, дарынды балаларға арналған облыстық Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған мектебінің оқушылары, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай ауданының құрама командаларынан жиыны 113 оқушы сайысқа түсті. Сайыс қорытындысы бойынша 19 оқушы жүлдегер атанды.
Жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломдары мен бағалы сыйлықтарымен марапатталып, жетекшілерге алғыс хаттар, барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Сайыс қатысушыларына 7-10 қыркүйек күндері мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама: XVII республикалық Абай оқулары байқауының салтанатты ашылуы, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.
Сайысқа қатысушылар Семей қаласының көрнекті жерлерін, мәдени орталықтарын тамашалады. Үш күнге созылған өнер додасы әрмен қарай ұлы Абай топырағында киелі Шыңғыстау жерінде жалғасты.
Қонақтарды Абай ауданының шекарасынан қарсы алып, сайысқа қатысушылар Бөрілідегі «М.Әуезов мұражай-үйін» тамашалап, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат жасады. «Еңлік-Кебек» ескерткіші жанындағы, «Үй тастағы», «Шілікті кезеңдегі» театрландырылған көріністің куәгерлері болды.
Сонымен қатар, қонақтар Жидебайдағы тарихи орындар, ескерткіштермен және ұлы ақынның соңғы он жылы өткен Абай мұражай-үйінің экспозициясымен танысып, «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешеніне барып, ұлылар рухына тағзым етті.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-мұражайының баспасөз қызметі