Мектеп оқушылары жазғы демалысқа шығып, демалу үстінде. Бірақ демалыстың бәрі ұйықтау, жеп-ішу емес. Ол ел аралап мәдениетпен танысу, өз еркіңіздегі ең керемет сүйікті іспен айналысу. Ұмытпау керек бір нәрсе бар, ол – кітап. Жазғы демалыс кітап оқуға таптырмас уақыт. Себебі мектеп қабырғасында жүріп кітап оқуға уақытыңыз болмайды. Жазғы демалыста қандай кітаптар оқу керек, жанр таңдау маңызды ма?
Ғылыми кітаптан бастамаңыз
Ғылыми кітапты мектепте де оқып жүрсіз. Ең бірінші кітапты ерекше жанрдағы немесе өзіңізге жақын дүниеден бастаңыз. Себебі ғылыми еңбектерді қарап отырып, жалығасыз. Ал бұл жалығу тіпті кітап оқуға деген құмарлықты өшіріп тастауы мүмкін. Алдымен қиял-ғажайып ертегілерден бастаңыз. Кейін ондағы айтылған аңыздар мен әңгімелердің ғылымдағы орнын білу үшін ғылыми кітаптарға зерттеу еңбек ретінде үңілуге болады. Бұл тіпті керемет болар еді. Сіз жай ғана кітап оқып қоймайсыз, зерттеу еңбегін де жасайсыз.
Ғажайыптар әлеміне үңіліңіз
Әлемдегі тылсым толы мекендерге бастайтын шағын әңгімелер мен повестерден бастаңыз. Олар сізді таң қалдырмай қоймайды. Кітапты оқыған кезде, кино көріп отырғандай әсер алыңыз. «Мүмкін емес» деп сенімсіздік танытпаңыз. Сеніп оқыңыз. Сол кезде әрбір оқыған сөзіңіз шынайы әрі анық болады.
Фантастикалық шығармаларды көп оқыңыз
Фантастикалық шығармалар сіздің шаршаған миыңызды тынықтырады. Себебі ондағы әрбір шытырмаған оқиғалар мен ерекше кейіпкерлер сізді өз әлеміне бастап барады. Сіз оқыған сайын демаласыз. Сіз оқыған сайын ләззат аласыз.
Романдар оқыңыз, бірақ...
Роман – үлкен жанр. Оның көлемі де үлкен. Сюжеті де қиын. Дегенмен шамаңыз жетсе роман оқуға да болады. Бірақ бірден кірісіп кетпеңіз. Күнделікті сериал көріп отырған секілді, кітапты да ең қызық жеріне келген кезде әдейі жауып сол бетті белгілеп қойыңыз. Ертең сол жерге қайта келу үшін бұл таптырмас амал. Яғни сіз әрі қарай не болатынын білуге асығасыз. Дәл осы қарқынмен оқысаңыз, романды бір ай ішінде бітіріп тастайсыз.