Мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылар үшін үш айлық жазғы демалыс басталды. Бәрі жан-жаққа демалуға кетті. Ауылдағы оқушылар қалаға, қаладағылар шет елге немесе ауылға аттанды. Жазғы демалысты естен кетпестей өткізу үшін не істеу керек?
Ауылға барыңыз
Қаладағы күйбең тіршілік пен шудан шаршадыңыз. Таңертең ерте тұрып автобус күту, кептеліс, одан қала берді қысылысып мектепке бару. Бәрі сізді шаршатты. Еркіндікке ұмтылыңыз. Ауылға барыңыз. Атқа мініп, тау-тасты аралаңыз. Таза ауаны сезініңіз. Ұйқыңыз қанғанша ұйықтап алыңыз. Сізді ешкім мазаламайды. Ата-әжеңізге еркелеп, қозы-лақпен ойнаңыз. Жаңа достар тауып, жаңа мақсаттарға жол салыңыз. Мәселен қаладағы ойындарыңызды ауылдың балаларына үйретіңіз. Өзіңізбен бірге қол телефоныңызды тастамаңыз. Себебі сіз онымен ең қызықты сәттерді суретке түсіресіз. Таң қалаған, тамсанған сәттерді міндетті түрде суретке түсіріп сақтаңыз. Кейін жаңа оқу жылында сол суреттерді достарыңызға көрсетіп бір мақтанасыз.
Шет елге шығыңыз
Ата-анаңызбен бірге сапарға аттаныңыз. Ел аралап, жер көріп түрлі мәдениетті бойыңызға сіңдіріп келіңіз. Көрген-білгеніңізді бәріне айтып бересіз әлі-ақ. Шет елге шығу деген тек ойын қуу емес, жақсы демалыс жасау. Түрлі мәдени шараға қатысып, қызықтаңыз. Ілім жинап қайтыңыз.
Күнделік жазыңыз
Жазғы демалысқа арналған арнайы күнделік дәптер бастаңыз. Әр күн сайын басыңыздан өткен қызықтарды жазып отырыңыз. Ойыңызды, таң қалған сәттеріңізді, әсер алған көріністеріңізді жазыңыз. Бұл сізге ертең мектепке барған кезде «менің жазғы демалысым» тақырыбына таптырмас көмек болады.
Кітап оқыңыз
Роман оқу шарт емес. Өзіңізге жақын тартқан кез келген кітапты оқыңыз. Оқыған кітаппен өмір сүріп көріңіз. Теңіз қарашылары туралы оқысаңыз не аңыз-әңгімелер оқысаңыз солар туралы ойланыңыз. Демалыста уақытыңыз көп, шығарма жазыңыз. Ойыңызды жазыңыз. Тіпті солардың еліне сапар шегу үшін сол бағыттағы фильмдерді де қараңыз. Санада сәулеленіп тұрған кітаптың сөздері фильмде орын алып жатса, керемет емес пе?!
Бизнеспен айналысыңыз
Жаз кезінде оқушыларға жұмыс көп. Соның бірі ауылда. Жайлауға барып таза қымыз сауып, бие сүтін қалаға әкеліп сатыңыз. Тиын-тебен болса да маңдай теріңізбен тапқан ақша нағыз ләззат. Асық ойнап, көп болса оны да сатып бизнеске айналдырыңыз. Жеміс-жидек теріп, базарға апарып сауда жасаңыз. Бастысы қозғалыста болыңыз.
Аталғандардың бірін жасауға мүмкіндік болмаса, ең сүйікті ісіңізбен айналысыңыз және соның жолында белгілі бір жетістікке жетуге тырысыңыз. Еңбек далаға кетпесін!