Жазғы демалыстың да басталғанына екі апта болды. Он төрт күннің ішінде не істедіңіздер? Ал алдағы 84 күнге қандай жоспар құрдыңыздар? Демаылсқа шыққан кей оқушылар өз қызығушылығына қарай сүйікті ісімен айналысып жатады. Бірі бақшасын суарса, енді бірі кітап оқып жүреді. Кітап демекші, сіздерге дәл қазіргі демалыста оқуға болатын мынадай балалар әдебиетін ұсынамыз. Оқып көріңіздер.
Мұхтар Әуезовтің шығармалары. Жазушының «Көксерек» философиялық әңгімесі, «Жетім» әңгімесі, «Қараш-қараш оқиғасы» повесімен жазғы уақытты қызықты өткізесіздер.
Ө.Тұрманжановтың “Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар” мысал-поэмасы, «Төрт өгіз туралы ертегі», «Қарлығаш, дәуіт, жылан», «Жолаушы мен жеті қасқыр», «Аю мен аралар», «Жолбарыс» поэмалары бірлік, ынтымақ туралы жазылған.
Бердібек Соқпақбаев шығармалары. «Шал мен бала», «Хат», «Ұйқы келтіретін дәрі», «Колхоздан келген қонақ», «Түнгі қонақ», «Сол бір сапар», «Ұлтан оқиғасы», «Компас», «Көйлек мәселесі», «Қой өңгерген» әңгімелері, «Он алты жасар чемпион» повесі, «Менің атым Қожа» повесі, «Балалық шаққа саяхат» романы жазғы демалысыңызды қызықты өткізуге септігін тигізеді.
Совет Аққошқаровтың шығармалары. Оның «Ақ түтекте» атты шағын кітапшасына төрт әңгімесі енгізілген. Бұл әңгімелердің бәрінде де ауыл балаларының өмірі суреттеледі. Кітапшада «Ақ түтекте», «Кішкентай конструктор», «Ала мысықтың айқасы» және «Өкініш» атты әңгімелері бар.
М.Сәрсекеевтің шығармалары. Жазушының «Ғажайып сәуле», «Жетінші толқын» повестері техникалық құрылғылардың заман ағымында қалай көрініс тапқандығы туралы жазылған. Өте қызық туындылармен уақытыңыз текке өтпейді.
М.Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», Қ.Қазиевтің «Үркер», С.Жұбатыровтың «Жасыл сағым», М.Айымбетовтың «Бар болғаны он төрт жас», «Көлге шомылған ай», Б.Қойшыбаевтың «Сенім» повестері мектеп оқушылары өмірінен жазылған шығармалар.
Орыс балалар әдебиетінде:
Максим Горькийдің шығармалары. «Дауылпаз туралы жыр», «Италия жайында ертегілер», «Изергиль кемпір», «Челкаш» туындылары, К.Чуковскийдің «Мойдодыр», «Тараканище», «Муха-Цокотуха», «Бармалей», «Айболит» ертегілері көпті қызықтыра алады. Сонымен қатар, осы ертегілердің желісімен мультфильмдер түсірілген.
Әлем балалар әдебиетінде:
Ганс Христиан Андерсеннің ертегілері. Орыс тілінен қазақ тіліне Серік Ерғали аударған ертегілердің ішінде «Шақпақ тас», «Нағыз патшайым», «Түймеш», «Супері қыз», «Бұлбұл», «Қар патшайымы», «Бақташы қыз бен мұржашы бала», «Қалайы сарбаз» туындылары бар.
Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» атты туындысын орыс тілінен қазақ тіліне Фариза Оңғарсынова аударған. Шежіре секілді өрбіген шығарма әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған. Сонымен қатар, Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Александр Дюманың «Үш ноян», Ағайынды Гриммдердің «Кішкентай кісілер», «Жолы болғыш үшеу», «Сабан, көмір және бұршақ» туындыларын да бір демде оқып шығуға болады. Роальд Дальдің «Алып әрі мейірімді дәу» және «Чарли және шоколад фабрикасы» повестері, Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» жеті романнан тұратын туындысын осы демалыс уақытында оқып бітіруге болады.
Оқыған кітаптарыңыз жөнінде ой-пікірлеріңізді бөлісіп, блог жазыңыздар. Массагет журналистері кеңестерін беруге әзір.