- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жазда достармен бірге...
Жазда достармен бірге не істеуге болады?
Жаз. Демалыс. Бос уақытта достармен бірге не істеуге болады? Телефоннан не компьютерден бас ала алмай жүрген достарыңыз болса, оларды бірге ала шығатын қандай жоспар құрсақ болады? Достармен немесе тетелес өкен туғандарыңызбен, бауырларыңызбен бірге қайда баруға болады? Бұл сұраққа жауапты бірге іздеп көрейік.
– Бұл пунктерді орындау кезінде, яғни төменде аталған орындарға барар жолда бір-біріңізге логикалық сұрақтар жасырып, ситуациялық сұрақтар қойып жүріңіздер. Бірінші рет жолға шығарда сұрақты біреуіңіз алдын ала дайындап қойыңыз. Келесі жолы екінші адам дайындап келсін.
– Волейбол, футбол, баскетбол сынды командалық ойындар достардың бірлігін нығайтады. Ол – бір. Екіншіден, денсаулықтары шымыр етеді. Тек бұл ойындар ғана емес, топқа бөлініп, қазақша күрес өткізуге болады.
– Топ болып театрға немесе киноға бару. Мәдениет ортасына барып, рухани байып қайтыңыздар. Өз қызығушылықтарыңызға байланысты сеансты таңдап, көріңіздер.
– Бассейнге бару арқылы бойды жазу мүмкіндігіне ие боламыз. Жүзуді білмейтіндер үшін жаттықтырушының көмегі қажет. Ал қыз балалар өз кезегінде су аэробикасын таңдауы мүмкін.
– Көп оқушы фабрика мен өнеркәсіп орындарының қалай жұмыс істейтініне, заттардың қалай жасалатынына қызығады. Сол себепті, түрлі экскурсия ұйымдастырыңыздар.
– Экскурсия демекші, туған өлкенің табиғатын тамашалау үшін, тарихын білу үшін достармен саяхаттауға болады. Азықтарын жинап, ауа райына қолайлы киімдерін таңдап, гитараларын бірге ала шықса, сейіл құрып, тынығып қайтады.
– Шежіре, тарих. Шежірені біліп, арғы аталардың ерліктерін тану үшін көне көз қарияларға баруға болады немесе Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден көрген жайттарын сұрап, өткенге шегініс жасап, сабақ алуға болады.
– Асар. Жаз – көп отбасы үшін құрылыс маусымы. Туған-туыстардың не көршілердің үй құрылысына достарыңызды жинап, көмектесіңіздер. Бір жағынан қызықты әрі көңілді болары сөзсіз. Достық нығайып, денсаулық та шынығып, өнеге де алып жүресіздер.
– «Белгілі бір уақытқа дейін мына кітаптарды оқып бітіреміз». Ойынның басты шарты осындай болмақ. Оқылатын кітаптар тізімін алдыңғы жазбада жариялағанбыз. Ал кім келесі аптаға дейін шығарманы оқып бітірмесе, ол бәріңізге бірнәрсе жасап береді. Мысалы, сол демалыста үйіне қонаққа шақырады немесе өз қолымен тәтті пісіріп береді.
– Логикалық, танымдық сұрақтар әзірлеп, бір-біріңізбен алмасу. 40-50 сұрақты бір-ақ дайындап, бір-біріңізге табыстайсыздар. Апта соңында жиналып, жауаптарды тексересіздер.
Сіз қандай қызықты жоспар ұсынар едіңіз?
Г. Берік