- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жас пианиношы Астанада...
Жас пианиношы Астанада өнер көрсетеді
Жас пианиношы Илья Ломтатидзені Женева, Париж, Амстердам және әлемнің басқа да қалаларының көрермені жақсы таниды. Ол қатысқан концерттерді рейтингі жоғары MEZZO TV мен TV5MONDE мәдениет арналары көрсеткен. Астананың өнер сүйер қауымына дарынды аспапшының концертін тамашалау мүмкіндігі туып отыр. 8 мамыр күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Фортепиано музыкасының кеші» өтеді.
Тамаша өнерін паш еткен Илья Ломтатидзе Классикалық музыканың ІІІ халықаралық фестивалі мен Жас пианиношылардың «Astana Piano Passion-2015» байқауында I сыйлық лауреаты атанып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сыйлығын иеленгені белгілі.
Илья бірегей сәулетімен есте қалған жас қала Астананы, сонымен қатар, тамаша сұлулығымен көз тартатын «Астана Опера» театрын ерекше сезіммен еске алады.
– Астана халқы өте қонақжай, мейірімді және ілтипатты. Бұл қаланы мен зор жетістіктер қаласы деп білемін, бұл жерде мен алғашқы сыйлыққа, әр түрлі фестивальдерге шақырулар және Президенттің арнайы сыйлығына ие болдым,– деді Илья Ломтатидзе.
Бағдарламаға Д.Скарлатти, Л.Бетховен, Ф.Шопен, Ж.Бизе, В.Горовиц, Ф.Лист және И.С.Бахтың шығармалары енді.
Ильяның репертуарында И.С.Бах ерекше орын алады, ұлы композитордың шығармалары ішіндегі сүйіктісі – жас әртіс болашақта орындауды көздеген – «Чакона». Ал Ф.Лист-В.Горовицтің№15 венгрлік рапсодиясы, a-moll (Ракоци маршы) И.Ломтатидзенің репертуарында тұрақтаған. Концерттеаспапшы Ф.Листтің фортепианоға арналған № 14 сонатасы мен Паганиниге арналған №4 этюдін алғаш рет орындайды.
Музыкант осыған дейін Еуропа, Ресей сахналарында ойнаса да, Қазақстанда, Астанада беретін концертіне үлкен толғаныспен дайындалып жүр, неге десеңіз, бұл оның бірінші рет жеке өнер көрсетуі.
Концертке дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік ететін «Астана Опера» камералық оркестрі қатысады.
Илья Ломтатидзе Франкфурт-на-Майнедегі «Алтын клавиш» (Алмания), Армениядағы «Жандану», Тбилисидегі «Болашақ жұлдыздары» (Грузия) халықаралық байқауларының Гран-при және бірінші сыйлық иегері. 2016 жылы Денис Мацуев басқарған «Воронеждегі жаңа есімдер» жобасына қатысты. Солист ретінде «Грузия симфониеттасы» мемлекеттік камералық оркестрімен, Каунастың симфониялық оркестрімен (Литва), Армения ұлттық оркестрімен өнер көрсетті.
Г. Берік