"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауының өткен жылғы қатысушылары өз алдына топ құрған болатын. былтырғы жеңімпаздардан құралған "Жаз қазақ" тобымен таныс бола отырыңыздар. Ардагер топтың арда қатысушылары биылғы жылы оқырмандарды қалай таңғалдырмақ?
Арай Баймахан - Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы. Биыл мектепті тәмамамдап отырған 2016 жылдың түлегі. Өмірге деген берік ұстанымы бар, саяхаттауды жақсы көретін, шындықты бетке айтатын қайсар қыз. Отандық кардиохирург Юрий Пяны өзіне үлгі тұтады. Болашақта медицина саласының қарқынды дамуына өз үлесін қоспақшы. Бос уақытында кітап оқығанды жаны сүйеді. Спорт саласында да кенже емес. Волейбол ойының дарабоз ойыншысы.
Гүлдәрі Құрманбек – сыр елі, жыр елі Қызылорданың тумасы. Мектепті "Алтын белгімен" тәмамдап отырған үздік оқушы. Күміс көмей, жез таңдай домбыраны серік еткен қазақтың ибалы қызы. Терменің қылын шертетін Гүлдәрінің өнеріне ешкімнің бағасы жетпес. Өмірде қайталанбас тұлға болып қалыптасуына қазірден бастап сүбелі еңбек етіп жүр. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді.
Ақерке Ерболған Алматы облысы, Талдықорған қаласында туып-өскен. Алтын ұя мектептің 9-сыныбын аяқтап, негізгі орта білім курсын қызыл куәлікке бітірген оқу озаты. Сыныптағы ең белсенді оқушы. Үлгі тұтар сүйікті тұлғалары көп. Әсіресе, Аристотельдің философиясына ерекше қызығушылық танытады. Сүйікті хоббиі неше түрлі ас әзірлеу және қолөнермен айналысу. Бос уақытында теледидар көргенді соның ішінде сұлулық байқауларын жақсы көреді. Өзі де бұл саладан кенже емес. Биыл Талдықорған қалалық қыз сыны байқауынан жүлделі 3-орынды иеленді.
Жадыра Ерболған Алматы облысы Талдықорған қаласында туып-өскен. Талдықорған қаласының №26 орта мектептің 10-сыныбын үздік тәмамдады. "Алтын белгіге" үміткер үздік оқушы. Өзінің әпкесі Ажар Ерболғанды үлгі тұтады. "Boomerang" тренинг орталығындағы ағылшын курсын екі жыл қатарынан үздік бітірген. Болашағын ағылшын тілімен байластырғысы келетін Жадыра ғылым саласына ерекше қызығушылық танытады. Биыл Кіші Ғылым Академиясының Республикалық кезеңінде 3-орынды иеленді. Ұлттық аспап домбыраның құлағында керемет ойнайды. Бос уақытында анасына үй шаруасына көмектеседі. Кітап оқығанды қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін ұштастырып оқиды.
Жансая Олжабек Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам станциясында туып-өскен. 10-сыныпты үздік тәмамдаған Жансая "Алтын белгіге" үміткер. Өмірде еліктейтін тұлғасы жоқ. Әр адам жеке тұлға деп санайды. Бос уақытында жаны қалаған істермен айналасқанды ұнатады. Кітап оқып, тәтті тағамдар әзірлеуден де кенже емес. Болашағының жарқын болатына кәміл сенеді.