Биыл мамандыққа байланысты пәндерді оқып жүрміз. Солардың ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі педагогика саласына тікелей қатысты. Басында жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнын түсінбедік. Ұзақ, орта, қысқа мерзімді жоспарды қалай құрамыз деп уайымдадық. Болашақта оқушылармен қалай жұмыс істейтінімізді де ойладық. Өйткені өзіміз білім беру бағдарламасынан бейхабармыз. Сөйтіп жүргенде «Өрлеу» ұстаздардың біліктілігін арттыру орталығының аға оқытушысы, тренер Айжан апай Есентаева семинардан бере бастады. Бірінші күннен оқу бағдарламасын үйретіп, соңында өзіміз де сабақ өткізе бас-тадық. Айжан апай жаңартылған білім беру бағдарламасының қаншалықты тиімді екенін түсіндірді. Бір күні апайға осы бағдарламаның ерекшелігі туралы айтып беруін сұрап едім, оқытушым «Өрлеу» ұстаздар үйіне шақырды. Болашақ педагогтарға өте пайдалы ақпарат айтты.
Бағдарламаның мақсаты мен ерекшелігі
Ұстаздар үйіне барғанда Айжан апай инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасы-ның меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлия Тоқтамысқызымен таныстырды. Әлия апай бағдарламамен таныстырып, оның мақсатын, іске асыру үрдісін айтып берді.
– Жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаты – мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін дамыту және критериал бағалауды енгізу. Осы екі бағытты негізге алып, орталықта мұғалімдерді қайта оқытамыз. Оларға интербелсенді әдіс-тәсілдер, тапсырмалардың деңгейлік және саралау жолымен құрастырылуын үйретеміз. Ұзақ, орта, қысқа мерзімді жоспарлар технологиялық қағидаттарға сәйкес әзірленеді. Курста мұғалімдерге тапсырмалар құрастырумен қатар, жоспарлардың білім беру бағдарламасына сәйкес жазылуын оқытамыз. Сонымен қатар критериал бағалауды қолдану, оның ерекшеліктері қандай, оқушының білімі қалай сараланады, нәтижесі қандай болады деген мәселелерді шешу жолдарын талдаймыз, – деді Әлия Арзиева.
Мектепте ескі бағдарламамен оқыдық. Дәстүрлі сабақта әдеттегідей мұғалім үй жұмысын сұрайды, жаңа тақырып-ты түсіндіреді. Ал жа-ңартылған білім беру бағдарламасында мұндай әдіс атымен жоқ. Айжан апай бағдарламаның ерекшелігін түсіндірді:
– Бұл бағдарлама оқушы-лардың функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған. Бұрынғы бағ-дарламадан ерекшелігі, оқушыны дайын білімді меңгеруге емес, өздігінен ізденуге ұмтылдырады. Оқушылардан күтілетін нәтиже оқу мақсаттарына сай болады. Өтілетін тақырыпты қайталатып, тереңдете меңгертеміз. Жаңартылған білім беру
бағдарламасының ерекшелігі – барлық пәнде ортақ тақырыптардың болуы, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілі пәнінің оқытылатын лексикалық тақырыптары бірдей. Жаратылыстану бағытында математикадан оқытылатын тақырып физика мен химияда да болады. Оқушы бір пәннен алған білімді екінші пәнде байланыстырып, оны терең меңгереді. Мысалы, әдебиетте «Орхон-Енисей жазулары» тақырыбын пәнаралық байланыста қазақ тілінде жазудың тілін, тарих сабағында шығу тегін, тіпті, географияда орналасқан жерімен байланыстырып оқуға мүмкіндік бар.
Ата-аналардың көзқарасы қандай?
Жаңартылған білім беру бағдарламасы мектепте енгізілген күннен бастап ата-аналар мұны түсінбеді. Мұнда бұрынғыдай баға қойылмайды. Тек пікір мен балл қою арқылы оқушының білімі бағаланады. Айжан апай ата-ана баладан «неше алдың?» деп емес, «не үйрендің?» деп сұрауы керек дейді.
– Мәселе ата-аналардың дәстүрлі біліммен оқып, сондай нәтижені баласынан күтетінінде. Бізге ХХІ ғасырда заманның құндылығы мен талабына сай білім алу керек. Бұл бағдарлама өздігінен келген жоқ. Мектептегі білім беру бағдарламасын түбегейлі алып тастаған жоқпыз. Ы.Алтынсарин атындағы білім беру академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектебі – бағдарламаның авторы. Екі жылы көлемінде мектепте тәжірибе ретінде оқытылып, кейін жалпы білім беретін мектептерге енгізілді. Заманға сай білім алу дағдысы өзгерді. Оқушылар тек мұғалімді тыңдап, енжар отырмауы тиіс. Шығармашылық жағынан сыни ойлауды, қарым-қатынасқа түсуді үйреніп, ізденіп оқыса белгілі бір жетістікке жететінін түсінуі керек. Бағдарламаның тренері болғандықтан, қоғамның теріс пікірін көп естиміз. Ата-аналар түгілі мұғалімдер де түсінбей, бағдарлама мен оқулықты сынады. Бұрынғы білім беру бағдарламасын заман талабына сай жаңарттық. Балалар арасында бөлініс болмауы керек. Назарбаев зияткерлік мектебі ғана мықты деген стереотиптен құтылып, барлығы бірдей білім алса деген ниет. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті ұлтты тәрбиелей аламыз, – дейді Айжан апай.
Пәнді оқытуда нені ескереміз?
Мектепте қазақ әдебиеті сабағын сол мамандыққа қызығатын оқушылар ғана оқитын. Ал қазақ тілінде лексикалық тақырыптар басты назарда болса, әдебиетте шығарма алдын ала оқытылып, сыныпта оқу мақсатына сәйкес әдіс арқылы оқушының пікірін ескереді. Негізі әдебиетті оқыту нағыз шығармашылық үрдіс екеніне көзім жетті. Семинар уақытында шығарма желісі бойынша сахналық қойылым қойылып, жырды аяқтап, авторға хат жазамыз. Өзіміз бір сәт оқушы кейіпке енеміз. Айжан апай пәнді оқытудағы ескеретін қағиданы айтып берді.
– Қазақ тілі мен әдебиетін тек сол пәнге қызығатын, журналист боламын немесе актерлық оқуға түсемін деген оқушы ғана емес, бәрі де оқуы тиіс. Біздің басты мақсат – сөйлеу дағдысын, оқушының пікірін, сыни ойлауын қалыптастыру. Бала болашақта бизнесмен болса, шешен сөйлей алуы керек. Оған қазақ тілі мен әдебиетінен меңгерген білімі көмектеседі. Ғарышкер болса да, дәрігер болса да, мектепте оқыған әдісі арқылы қоғаммен коммуникация орната алады. Қосымша әдебиеттерді оқыту арқылы кітапқа махаббатты оятамыз. Білімнің меңгерілуі тікелей мұғалімнің сабаққа қызықтыруына байланысты. Егер оқу мақсаты тақырыпқа сай іске асса, бұл мұғалімнің жетістігі, – деді тренер.
Болашақ педагог нені ескеруі қажет?
Бір жылдан соң қолымызға диплом аламыз. Мемлекеттік грант иегері болғандықтан, 3 жыл жұмыс істеуге тиіспіз немесе ғылым жолын таңдап, магистратураға түсу мүмкіндігі бар. Балаларды жақсы көріп, бірге жұмыс істегім келсе де, іштей үрей бар. Бірақ, Айжан апайдың айтуынша, бакалавр бітірген кез келген түлекті жас маман ретінде мемлекет жұмысқа алады. Кейін біліктілігін арттыру үшін орталықтарға курсқа жібереді. Егер педагог боламын деген жас маман сабақты өткізуде жаңа әдісті ұсынса, оны мектепте құрылған көшбасшылар тобына алады. Бұрын мектепте мұғалімнің жұмыс істеу өтілі немесе дәрежесіне қарай бағаласа, қазір біліктілігіне назар аударады. Ең бастысы – баланы жақсы көру. Ал білім мен әдісті меңгерген мұғалімді оқушысы ешқашан ұмытпайды. Мұғалім болу – оқушыны оқыту арқылы өзің де үйрену.