Жақсы оқығым келеді десеңіз #2

Жақсы оқығым келеді десеңіз #2

Міне, қысқы демалыс та аяқталып, оқушылар мектептеріне оралды. Кейбіреулері алтын ұясын сағынып қалса, екіншілерінің көңіл-күйі төмен. Себебі, күнделікті сабақтың материалдарын меңгеру оңай емес. 

«Шіркін, сиқыршы болып, бүкіл білімді әп-сәтте жиып алсам...» деп қиялдайтын оқушылар да бар. Алайда сабақты жақсы оқу - оқушылардың тікелей міндеті, сондықтан білімді меңгерудің әдіс-тәсілдерін қарастырайық.

Біріншіден, мұғалімнің түсіндіргенін, сыныптастарыңның баяндағанын есте сақтауға тырысу қажет.

Екіншіден, тек жақсы баға үшін оқуға ұмтылмау керек. Себебі, бір сабақ екінші сабақпен жалғасады. Бәрін күнделікті оқып отырмасаңыз, түсініксіз болып қалуы мүмкін.

Сабаққа күнделікті дайындалып жүрсеңіз, мұғалім сұрамайтын да жағдайлар болады. Алайда, мойымаңыз, сыныптастарыңыздың айтқандарының ішінен өзіңізге тың мәліметті дәптерге жазып отырыңыз. Уақыт өте келе осылай біліміңіз молаяды.

Үшіншіден, сізге қандай әдіс-тәсіл жақын екенін анықтап алайық. Мысалы, сіз аудиал (есіңе тыңдаған ақпарат сақталады) болсаңыз, тақырыпты дауыстап, телефонның диктофонына жазып отырыңыз. Жазылған мәтінді бірнеше рет қайталап тыңдау арқылы есіңізге сақтайсыз. Сосын өз түсінгеніңізді диктофонға тағы да жазып, екі жазбаны салыстырып, анализ жасаңыз. Тақырыптың қай бөлігі айтылмай кеткенін анықтаңыз.

Ал визуалдар (көзбен көргенді есте сақтауға бейім) тақырыпты оқып шығып, сызба, кесте, диаграммаға түсіре алады. Осылай жинақтағанын мәтінмен салыстыру арқылы сабақты түгел қамтыған, қамтымағанын біле алады. Толық меңгерілмеген ақпарат болса, оны да ескереді. Содан соң өзі жасаған сызба, кесте, диаграммаға қарап, мәтінді баяндайды. Дәптерді жауып қойып, көзіне елестету арқылы еске түсіріп, жаттығуға болады.

Сәттілік тілейміз!

Сурет: fullhdoboi.ru

Оқи отырыңыз:

Жақсы оқығым келеді десеңіз

Үлгеріміңізді жақсартқыңыз келсе...

Есте сақтау қабілетіңізді жақсартқыңыз келсе

Ф. Абилова