Италияның білім беру жүйесі қандай?

Италияның білім беру жүйесі қандай?

Соңғы мыңжылдықтың ішінде Италияның білім беру жүйесі үнемі өзгеріс үстінде болғандықтан, оны толықтай сипаттау қиынға соғады. Қазірдің өзінде Италияның білім жүйесін жалпы Еуропаныкімен түйістіруді мақсат еткен реформа жүргізіліп жатыр.

Италияның білім жүйесін мемлекет басқарады. Білім министрлігі елдегі әр мектепті қаржыландырып, жекеменшік мектептердегі сабақ беру бағдарламасын қатаң бақылап отырады. Мұнымен қатар, мемлекеттік мектептерге мұғалімдерді тек конкурстың нәтижесіне сәйкес қабылдап, арнайы бағдарламалар ұсынады. ЖОО-лар мен көптеген мектептерді мемлекет қаржыландырса да, оқу бағдарламасын оқу орындары өздері жасап отырады. Білім сапалы болу үшін арнайы мемлекеттік экзамендер ұйымдастырады. Білім сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік экзамендер өтіледі.

Мектептер

Италяндықтар ерте жастан бастап оқиды. Алты жасқа дейінгі балаларға арналған балабақшалар мен «scuola materna» атты арнайы мектептер бар. Көп италяндықтар аталған оқу орнында балаларын 3 жасынан бастап оқыта бастайды. Ол жерде балалар қоғамға сіңісіп, түрлі ойындар ойнап, оқуды үйренеді. Әйгілі педагог Мари Монтессоридің тәсілі бойынша оқиды. Бір топта 15-30 бүлдіршін болады. Мұнымен қатар, ерекше тәрбиелеу әдісі қалыптасқан католиктік балабақшалар бар. Балалар мектепке дейін білім алу ордасында оқуға міндетті емес. Десе де Білім министрлігі балабақшалар мен «scuola materna» сынды орталықтарды қаржыландырып отырады.

Алты жастан бастап бастауыш мектепке барады. Алғашқысы - « scuola elementare», кейінгісі - «scuola elementare». Екеуін де балалар тегін білім алады. Бұл деңгейде оқу, хат жазу, сурет салу, арифметика, музыка сынды пәндер өтіледі. Қалауларына сәйкес дінтану пәні жүргізіледі. Бұдан өзге бір шет тілін меңгеру мүмкіндіктері бар. Оқушылар аптасына 5 күн, 6 сағаттан оқиды. Әр баспалдақтан кейін тестілеу жүргізіледі. Еліміздегідей санмен емес, «өте жақсы», «жақсы» сынды сөздермен бағалайды. Мүгедек балалар да өзге қатарластарымен бірге оқиды. Оларды бөліп-жармайды.

Италияның әдеттегі мектептерінде сыныптар өте үлкен болады. Ал жекеменшік мектептерде 5%-ға кіші. Жекеменшік мектептер оқушыларға аттестат ұсына алмайтындықтан, аталған мектептің оқушылары сертификат алу үшін мемлекеттік экзамен тапсырады.

Алғашқы бес жылдық баспалдақтан өткен соң, жазбаша және ауызша экзамен тапсырады. Экзамендер аяқталған соң бастауыш сыныпты тәмамдағанын растайтын «diploma di licenza elementare» атты аттестат береді. Бұдан кейін оқушылар 14 жасқа дейін білім алатын «scuola media» мектебіне өтеді. «Scuola media» мектебінде италян тілі, өнер, музыка, математика, жаратылыстану ғылымдары, тарих, география сынды пәндер оқытылады. Әр жыл сайын «өтілді-өтілмеді» жүйесіне сәйкес экзамен өткізіліп отырады. Егер оқушы аталған сынақтан өте алмаса, келесі жылға қалдырылады. Орта мектепті тәмамдаған соң италян тілі, математика, шет тілі пәндерінен ауызша, жазбаша экзамен тапсырады.

Сурет: rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай