Француздар өнер, музыка, сурет өнеріне жаңалық енгізіп, әлемдік өркениетке үлес қосқандарын мақтан тұтады. Барлығы бір тілде сөйлеп, бір тудың астында бейбіт өмір сүріп жатқандарына қуанады. Ұлт бірлігі өте мықты.
Олар эксперимент жасауды, ғылымға әрдайым жаңашылдық енгізіп тұруды ұнатады. Тойдың өзінен боладысы қызық демекші, жетер аялдаманың қайсысы екеніне аса мән бермейді. Яғни алдыларына қойған мақсатқа емес, оған жету жолына мән береді.
Мемлекеттік заңды қатаң түрде сақтап, қажет болғанда өз ойларын ашық білдіреді. Көзқарастарын қорғауға мәжбүрлейтін пікір таластарға қатысады. Ой еңбегін таңдайды.
Еңбекқорлықты жоғары бағалағандарымен, тыным таппай жұмыс істейтін адамдарға көңілдері толмайды. Олардың өмірлік ұстанымдары – «Жұмысыңды жақсы істе, бірақ өмірден ләззат алуды ұмытпа».
Күнделікті тұрмысына қарап, көп нәрсені аңғаруға болады. Жуынатын бөлмесі ең ескі құбырмен, ал ас үйі ең соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталуы мүмкін. Тіпті дәмді тамақ үшін сонау қаланың екінші шетіндегі мейрамханаға баруға дайын.
Мінездің байсалды болуына назар аударады. Жоғары инттеллегентті, қызыл тілді, білімді адамдарды жұмысқа оңай қабылдайды. Әдетте байсалды адам деп өз ісінің шеберін айтады.
Мектепке дейінгі бала тәрбиесі
Бала тәрбиесімен айналысатын француздық ана өзге мемлекет әйелдерінен ерекшеленеді. Балаға еш уақытта қол көтермейді. Бала айыпты болса, тәтті тағам жеуге тыйым салады. Керісінше жағдайда жазалауды тоқтатып, ақша ұсынады. Мұнымен қатар, әр бүлдіршіннің міндетті түрде ақша жинайтын сандықшасы болады.
Ата-ана басқа іспен айналысып отырған кезде баланы тыңдауға, еркелетуге уақыт бөлмейді. Бұл – қоғамға тән әрекет. Осылайша баланы ата-анасымен сөйлесу үшін дұрыс уақыт таңдауға үйретуге болатындығын айтады. Француз аналардың балаларына үнемі талғамға, тәртіпке, киімге қатысты ескерту айтып отыратындығын Полли Плат өзінің «Француз немесе дұшпан» атты кітабында баяндайды.
Балалар ата-анасының рұқсатынсыз тоңазытқыштан азық-түлік алмайды, отбасылық көлікті айдамайды.
Балабақша
Балаларды бөбекханаға 3 айлық жасынан бастап қабылдайды. Ал балабақшаға 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қабылдайды.
Бүлдіршіндер балабақшаға міндетті түрде барады. Балалар жасына байланысты 3 топқа бөлінеді. Алғашқы топқа 4 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, түрлі ойын ұйымдастырады. Екінші топқа 5 жасқа дейінгі балалар қабылданып, сурет салуды, бір-бірімен сөйлесуді үйренеді. Ал 6 жастағы балаларға кітап оқуды, әріптерді жазуды үйретеді.
Балабақша бүлдіршіндері жиі көкке шығып тұрады. Тәлімгерлерге кішкене балаларды ұруға, оларға қандай жағдай болмасын дауыс көтеруге тыйым салады. Мұнымен қатар, бала жылаған кезде бірден жұбатулары керек. Жұбату үшін бүлдіршіндерді көтеріп, көңілін аулайды.
Францияда әр аптаның сәрсенбісі діни сауат ашуға арналады. Сол себепті көп балабақша бұл күні жұмыс істемейді. Ал жұмысбасты ата-аналар бір күнге арнап тәрбиеші жалдайды, немесе арнайы спортпен айналысу сынды орталықтарға алып барады.
Білім жүйесі
Францияның мемлекеттік білім жүйесі 4 блоктан құрылады:
- бастауыш мектеп (6-11 жас аралығындағы оқушылар);
- орта мектеп (11-14 жас аралығындағы оқушылар);
- жоғарғы мектеп (14-16 жас аралығындағы оқушылар);
- ең жоғарғы мектеп (университеттер).
Олардың білім жүйесі еңбекқор адамдарды мадақтауға бағытталған. Кейбіреуі мұндай жүйенің сабақты жаттап айтуға мәжбүрлейтіндігін айтады. Мысалы, көп оқушы 3/6=1/2 теңдігін түсінуден, жаттап айтуды жөн көреді екен.
Франциядағы білімнің 3 принципі:
- діни сауат ашуды жоққа шығару;
- мемлекеттегі 6-16 жас аралығындағы балаларды білімге баулу;
- 16 жасқа дейінгі оқушыларды тегін кітаппен қамтамасыз ету.
Мектеп түрлері
Бастауыш мектеп – өзінің атауына сай.
Колледж – әдеттегі орта мектеп. Барлық бала үшін бағдарлама мен пәндер бірдей оқытылады.
Лицей – жоғарғы орта мектеп. Барлық жоғарғы орта мектептер арнайы мамандандырылған.
Жалғасы бар...
Оқи отырыңыз:
Қытайдың білім беру жүйесі қандай?
Жапонияда 3 түрлі мектеп бар
Оңтүстік Корея оқушылары бар уақытын білім алуға жұмсайды
Сурет: rudaki.ru