- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Финляндияда әлемдегі ең...
Финляндияда әлемдегі ең үздік мектеп ашылды
Балалар психологтары: «оқушылар мектеп тәртібіне өзгеріс енгізген кезде ғана оқуды сүйетін болады», - деп баяғыдан айтып келеді. Алты жасқа жеткен бүлдіршіндердің барлығы да арқасына сөмкесін асып, мектеп табалдырығын аттағысы келетіні анық. Алайда кейбір мектептердегі кітаптың жетіспеушілігі, білікті маманның болмауы балалардың оқуға деген ынтасын жояды. Бүгін біз сіздерге жақында ғана ашылған, білім алуға барлық жағдай жасалған Saunalahti мектебі туралы айтқымыз келіп отыр. Ол Финляндиядағы Эспоо деген қалада орналасқан. Ғимаратты бір көргеннен мектеп екен деп ойламайсыз. Себебі сырты мектептен гөрі музейге көп ұқсайды. Оны VERSTAS Architects компаниясының архитекторлары салған.
Ғимараттың 10500 шаршы метр аумағын бастауыш пен орта мектептер, мектепке дейінгі бөлімшелер, жастар үйі, асхана, кітапхана, жаттығу залы секілді мекемелер алып жатыр. Оқу өте қарапайым түрде өтеді. Әр оқушы өзі қалаған жерге отырып, оқытушыға толғандырған сұрағын емін-еркін қоя алады. Ал сабақ барысына келетін болсақ, пәндердің басым көпшілігі дебат түрінде өтеді. Үйге берілген тапсырманы екі жақты талдап, оқушылар өздерінің ойын ортаға салады. Мұндай сабақтар оқушылардың зейінін арттырып, қоғамдық ортада өзіндік ойын қалыптастыруға көмектеседі.
Асхана – білім беретін орталықтағы барлық оқушылардың жиналатын орны. Ол жерде тіпті сахна да орналасқан. Мерекелік кештерде, кезедсулерде, түрлі мектепшілік жарыстарда асхана лық толы көрермендер залына айналады.
Мектептің ауласында ер балалар мен қыздарға арналған қажетті заттардың барлығы бар. Үлкен үзіліс кезінде қалаған құралдарын алып, ойнай алады. Бастауыш сыныптарға бөлек, орта сыныптарға бөлек, жоғары сыныптарға бөлек алаңқайлар салынған. Ал кешке қарай мектеп жергілікті тұрғындардың жаттығу жасайтын жеріне айналады. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын барлық адам осында келеді. Өйткені мұнда қажетті құралдардың бәрі табылады.
Құрылысшылар бұл ғимаратты саларда алыстан көздің жауын алатын ең бағалы материалдарды пайдаланған. Мектептің ішкі көрінісі де жанға жылу сыйлайды. Себебі әр сыныптың өзіндік дәлізі бар. Ол әртүрлі түстерге боялған. Адасып кету мүлде мүмкін емес. Сонымен қатар мектептің әр бұрышына видеокамералар орнатылған.
Міне, мынадай мектепте оқыған, білім алған баланың жан-жақтылығы да, адамдармен қарым-қатынасы да, тіл табысуы да тез болады. Мұндай мектептер біздің елімізде де жоқ емес. Сондықтан балаңыз елге елеулі, халыққа қалаулы азамат болғанын қаласаңыз, қаладағы "ең жақсы" деген мектептерге беріңіз.
Ж. Исакаев