Финляндия оқушыларында күнделік болмайды

Финляндия халқы сәби дүниеге келе салысымен, оған толыққанды азамат ретінде қарайды. Бірден төлқұжат береді. Ата-аналарға қоғамдық орындарда баласына дауыс көтеруге тыйым салады. Тәрбие тек үйдің ішінде берілуі керек сынды қағида қалыптасқан. Ал қол көтергендері үшін көлемді айыппұл төлетуі мүмкін.

Финляндия мектептеріндегі тәртіп

Финляндия мектептерінде арнайы форма жоқ. Парталар бір оқушыға ғана арналған. Мұнымен қатар, асханаларда да оқушылар жалғыз отырып тамақтанады.

Ата-аналар мектеп өміріне белсенді түрде араласады. Аптаның әр сәрсенбісінде ата-аналар жиналысы өтеді. Шақырту алып, өздерінің қай сәрсенбіде келе алатындықтарын айтады. Шақыртумен бірге «Балаңыз өзін мектепте қалай сезінеді?», «Оған қандай тақырыптарда сабақ өткен ұнайды?», «Ал қай пәндерді ұнатпайды?», «Сыныптастарымен қарым-қатынасы қандай?» сынды сұрақтар жазылған анкета алады.

Финляндияда оқушылар балабақша жасынан кәмелетке толғанға дейін әлеумметтік қызметте тіркеуде тұрады. Ай сайын аталған қызметтің таныстырушылары оқушылардың үйіне барып, отбасы жағдайын біліп қайтады. Отбасы мүшелерінің жасын, ата-анасының білімі туралы ақпаратты, тәрбиелеу мен оның қиындықтарына қатысты мәліметтерді компьютерге енгізіп отырады.

Ұстаз

Бұл жерде ұстаз қызмет көрсету орталығының өкілі ретінде жұмыс істейді. Сондықтан оқушыларда «менің сүйікті ұстазым», «менің алғашқы ұстазым» сынды түсініктер жоқ.

Финляндия ұстазының жалақысы орташа есеппен айына 2 500 еуроны құрайды. Кей ұстаз екі есе аз алады. 120 000 мектеп ұстаздарының ішінде өз саласында профессор атанбағандары жоқ десек те болады.

Оқу жылының соңында барлық ұстазды жұмыстан шығарады. Осылайша жаз мезгілінде жұмыс істемейді. Келер оқу жылында ұстаздар арнайы сайыс нәтижесі бойынша қабылданып, келісім-шартпен жұмыс істейді. Көп жағдайда бір орынға бірнеше үміткер таласады. Мысалы, бір қызметке 12 үміткер. Әдетте жас мамандардың жолы болады. Зейнетақыға шыққан 60 жастағы адамдар жұмыс істемейді.

Ұстаздар күнделікті сабақтарынан бөлек 2 сағат ата-аналармен кездесу ұйымдастырып, оқушыларды ертеңгі сабаққа дайындайды. Шығармашылық жобалар ұйымдастыруға көмектеседі. Ал біліктіліктерін өз бетінше білім алу арқылы арттырады.

Экзаменге қалаған анықтама, кітап, интернет қосылған құрылғысын алып кіреді. Мәселе тақырыпты жаттап алуда емес, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануда болса керек. Ең бастысы, керек ақпаратты түсініп отырып қолдану.

Жан-жақты білім

Финдік балалар мектеп қабырғасында оқып жүрген кездерінде салық, банк, қаражат сынды ұғымдармен таныс болады. Мысалы, ата-әжесінен, әке-шешесінен мұраға бір нәрсе қалатын болса, ол үшін әртүрлі көлемдегі салық төлейтіндерін жақсы біледі.

Бір сыныпта екі жыл қатар отыруды жөн көрмейді. Үлкен өмірге жақсы дайындықпен баруды ұнатады.

Әрбір финдік мектепте оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін педагог жұмыс істейді. Ол оқушыларды өздерінің бір салаға икемділіктерін анықтау арқылы бағыттайды. Жасөспірімдер өз еріктерімен психолог маманмен келіп тілдеседі.

Сабақ барысында ұстазды тыңдамай, қалаған істерімен айналысуларына болады. Мысалы, әдебиет сабағында көркем фильмді оқушы көргісі келмесе, кітап алып оқу құқығына ие. Ең бастысы, өзгелерге кедергі келтірмеуі керек.

Ұстаздар оқушылардың білімге деген құштарлығын оятудың маңызды екенін айтады. Мұнымен қатар, оларды қинамау керектігін де алға тартады.

Оқушыларда күнделік атаулысы болмайды. Ұстаздар ата-аналарға аптасына бір рет оқушылардың жеткен жетістіктері жазылған күлгін түсті хат жібереді.  

Өзіміз байқағандай, финляндиялық ұстаздар үшін әр оқушының болашағы маңызды. Олар оқушыларды қинап білім бергісі келмейді. Бар болғаны болашаққа бағыттап, білімге деген құштарлығын тиімді әдіспен оятуды жөн көреді. Ал Сіз қалай ойлайсыз? Әлемге осындай мектептер керек пе? Әлде дәстүрге сай өзіміз білетін мектептердің бола бергені дұрыс па?

Сурет: supercoolpics.com