Есте сақтау қабілетіңізді жақсартқыңыз келсе

Есте сақтау қабілетіңізді жақсартқыңыз келсе

Әдетте үй тапсырмасы ретінде берілген тақпақтар мен ережелерді қалай жаттайсыз? Меніңше, мәтінді жаттап алмайынша қайталап оқи бересіз. Бұған көп уақыт кетеді. Ал, ең өкініштісі - ертесінде жаттағаныңыздың барлығын ұмытып қаласыз.

Бәріне жадыңызды айыптаудың қажеті жоқ, мәселе тек тапсырманы дұрыс орындамайтындығыңызда. Пайдасы жоқ құрғақ жаттауға қарағанда пайдасы мол болмақ түрлі тәсіл бар. Олар жылдам жаттап, ұзақ уақыт бойы есте сақтауға көмектеседі. Ең бастысы – өзіңізге лайық тәсілді анықтаңыз.

Кейбір адамның көру есі жақсы болғандықтан, жазылғанды оқу арқылы есте сақтайды. Мұндай адамдарға кітапты оқып бергеніңізде сөздеріңіз көз алдында парақта жазылып жатқандай болады. Егер сіз де барлығын көру арқылы есте сақтайтын болсаңыз, суреттер мен кестелерді көбірек пайдаланыңыз.

Енді бір топ адам естігенін жақсы жаттайды. Олар жаттамақ болған мәтінін бірнеше мәрте іштей қайталап дайындалғандары абзал.

Ал, үшіншілері тек қағазға жазу арқылы ғана есте сақтайды.

Енді осылардың ішінен өзіңізге лайық тәсілді таңдаңыз.

Мұнымен қатар, кешкі мезгілде мәтінді бір рет оқып, басқа істермен айналысыңыз. Таңертең тұрғанда 3-4 рет қайталап оқыңыз. 

Есте сақтау қабілетіңізді тексеріп көріңіз:

№1 жаттығу

Торкөздердің ішіне цифрлар жазып, есте сақтаңыз.

3

18

12

1

18

6

17

8

20

11

9

5

Енді кестені жабыңыз. Цифрларды қайта еске түсіріп, бос торкөздерді толтыруға тырысыңыз.

2 жаттығу

Төмендегі есімдерді есте сақтап көріңіз.

Мейіржан, Ернар, Еркебұлан, Мейіргүл, Өмірбек, Фариза, Шерхан, Ақтоты, Жолдас, Нұрбол, Бауыржан, Ербол, Жасұлан.

Енді көзіңізді жұмып, адам аттарын еске түсіріңіз. Осылайша, күніне 3 рет жаттыққаныңыз абзал. Оң нәтижесін өзіңіз байқайсыз.

Ал, Сіздің есте сақтау қабілетіңіз қалай? Үй тапсырмасын оңай орындай алып жүрсіз бе?

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай