Мамыр айында оқу орындарында жаппай емтихан басталады. Бұл кезең – білім қуған талапкерлер үшін шағын майдан. Ал осы майдан алдындағы сенімсіздіктен қалай арылуға болады?
Адам өзіне деген сенімділікті мұхитта еркін қалқып жүрген мұзтауға теңесе болады. Оның шыңына «менің қолымнан бәрі келеді» деген жазуы бар туды ала шығып, сенімділігін бағындыра білсе, ол ала алмайтын құз қалмайды.
Енді кей адамдар мұзтаудың шыңы жоқ деп есептейді, яғни, өз-өзіне сенбейді. Айсбергке шықпай жатып, құлап қалу қаупін ойлаған адам өзіне деген сенімінен айрылады. Өз-өзін теріс пікірмен сендіріп алған адам өзінің идеалды тұлғасын көре алмайды. Міне, сол үшін ол жиі күйзеліске ұшырап, қит еткен нәрсеге саусағын тістеп, алаңдап шыға келеді. Бұл қасиет ішкі кедергіден өте алмайды.
Ішкі кедергі (внутренный барьер). Бұл кедергіні өзіміздің бір кемшілігіміз деп қабылдап жатамыз. Ал шынтуайтына келгенде, бұл кедергілерді өзіміз қолдан жасап аламыз. Ішкі кедергіден өте алмай, сенім атты мұзтауға шыға алмай жүрген жандарға мынадай кеңестер ұсынамыз.
1. Сөзіңізге ие болыңыз!
Жігердің құмын езетін бірінші нәрсе – адамның сөзі. Сөйлеу барысындағы «мүмкін», «шығар», «бәлкім», «талдау жасай алмаймын», «мына есеп қиын ғой» деген сөздер сізді бәзбіреуге сенімсіз кісі ретінде көрсетеді. Бойыңызды жауапкершілікке деген қорқыныш, өзіңізге деген сенімсіздік билеп, осы сөздерді айтуды әдетке, бара-бара міндетке айналдырып аласыз. Айтылған сөзіңіздің құнына мән беріңіз. Сөз – адамның айнасы екенін естен шығармаңыз.
2. Кедергілерді іздеңіз
Айналдырған бір текшенің ішінде қалып қойып, одан шыға алмай жүрсеңіз, бір кедергі барын ұмытпаңыз. Өткен шақта қалған қателік бүгінде тосқауыл болып алдыңыздан шығуы мүмкін. Қай жерден қателік жібердім, оның шешуін тауып, маңдайға енді тимейтін етіп, сырын ашыңыз. Ішке кедергілердің мақсатқа жету жолында аяққа оратылатыны сөзсіз.
Жетістік. Барлық мәселе тез шешіліп, ойлаған мақсатқа дер кезінде жету керек десеңіз, қателесіз. Уақытында болмаған іске өкініп, бір нүктеге қадала берсеңіз, жетістікке жету қиын. Асықпаған арбамен қоян алады.
Күнделікті өмір. Кейбір жандарда сабақтан 6-да шығу керек, үйге барып інімнің сабағына көмектесуім керек деген заңдылық қалыптасып қалған. Бір өзгеріс енгізу олар үшін төңкеріс секілді. Керісінше, өзгеріс қана адамның көзін ашады. Кедергілерді өзгеріспен көруге болады. яғни, жаңа заңдылықтың нәтижесінде бұрынғы заңдылықтың шикілігін байқайды.
3. Сенімсіздікті жойыңыз
Ішкі кедергілер бала кезден қалыптасып қалуы мүмкін. Сол үшін оны жою, санаға әбден орныққан тұжырымды өзгерту қиынға түседі. Істей алмаймын деген нәрсені қазір-ақ жасап көріңіз, үйреніңіз, ақыл сұраңыз. Ақыл сұраудың өзіне де кейбір жандардың тісі бата бермейді. Міне, бәрі бір-бірімен тізбектесіп байланысып жатыр. Бұдан арылу үшін өзіңізді ұстазыңызға теңеп көріңіз, «менің орнымда болса, ол не істер еді?» деп ойыңызбен ойлап, қолыңызбен жасап көріңіз.
4. Рухқа толы мақсат қою
Мысалы, алдыңызға «түптің түбінде жетуім керек» деген айнымас мақсат қойдық делік. Оған жету үшін біршама міндеттердің тізімін жасаған боларсыз, онда олардың ең басына рухқа толы бір міндетті енгізіңіз. Мысалы, «егер мен бестік алсам, ініме үлгі боламын» деген секілді өз-өзіңізге күш сыйлайтын міндеттерді ойлай жүріңіз.
5. Сенімсіздікке күш бермеңіз
Сенімсіздік сізді ессіз құбыжыққа (зомби) айналдырады. Сізді басқарып, бар нәрседен тыйып тастайды. Еркіндікті, азат болуды үйрену керек. Жасайтын – сіз, жасай алатын да – сіз. Өйткені сіз цирктегі айуан емес, білім алушыдан гөрі өмірдегі адамсыз.
Бұл кеңестерді емтихан алдында ғана емес, өмірде де пайдаға жаратуға болады.