- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Елімізде балаларды мектепке...
Елімізде балаларды мектепке қабылдау ережелері өзгереді
2015 жылы еліміздің білім беру жүйесіне ірі реформалар енгізілді. Соның ішінде балаларды мектепке алты жасынан бастап қабылдау мәселесі қарастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 7kun.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.
Өскенмендік ата-аналарды мектеп алды даярлық тобы бола ма, алтыға жылдың ортасында толатын болса қайтеді деген сынды сұрақтар көптеп мазалады. Қалалық білім беру бөлімі шағын орталықтар мен даярлық сыныптардың жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.
Басқарма барлық ата-аналарға алаңдауға себеп жоқ деп отыр. Мектеп алды даярлық сыныптары жабылмайды. Түсінікті болу үшін бұрын қалай болғанын айтып өтейік. Бұрын баланы бес жасында шағын орталыққа алып, алтыға келген кезінде даярлық сыныбына ауыстыратын. Ал жетіге келген шағында бала мектепке 1 сыныпқа қабылданатын. Жүйеге аздаған өзгерістер енгізілді. Енді бала мектепке күзде жасының нешеде болғанына байланысты қабылданатын болды.
— Егер балаңыз бес, бес жарым жасар болса, ол шағын орталыққа алынады. Ал егер бес жарымнан асқан, алты жасқа дейінгілер мектеп алды даярлық сыныбына қабылданады. Күзде жасы алтыға толған бала бірінші сыныпқа барады.
Басқармада шағын орталық пен даярлық сыныптарындағы білім беру бағдарламасы ұқсас дейді. Егер ата-анасы баласының жасы алтыда болса да, оқуға ерте деп есептесе, бұл сұрақтарды психологиялық-педогогикалық комиссиямен шеше алады. Олар әр мектепте бар. Мамандар баланың оқуға даяр не даяр еместігін анықтауға көмектеседі.
Ал сіздің бұл өзгеріске көзқарасыңыз қандай?
Қ. Бүйенбай