- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Елбасы үш оқушының...
Елбасы үш оқушының арманын орындады
«Қазпошта» компаниясы 2014 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан жоба аясында кез келген адам балалардың хаттарымен танысып, олардың қалауын орындай алады.
Міне, екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысы осы жобаға қолдау көрсетіп, жас жеткіншектер арманының орындалуына көмектесіп отыр.
Биыл Нұрсұлтан Назарбаев павлодарлық Ардақ Шалабаевтың Аяз атаға жазған хатын оқып, оның ЭКСПО-2017 көрмесіне билет сұраған өтінішінен хабардар болды. Халықаралық көрме – келер жылдың басты оқиғаларының бірі. Осыған орай Елбасы 11 жастағы Ардаққа Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне кіретін 4 билетті сыйға тартты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Президент Атырау облысының Махамбет ауданындағы арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне іс тігіп үйрену үшін тігін машинасын, сондай-ақ доп, ракетка және басқа да спорттық жабдықтар тарту етті.
Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны 6 жасар Нұрислам Серіковтің де хаты ескерусіз қалған жоқ. Оған Мемлекет басшысы балалар әдебиеті мен «Лего» құрастыру ойынын сыйға тартатын болды.
Жалпы, «Аяз атаға хат жаз» акциясы – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кішкентай қазақстандықтардың тілегін орындау үшін жасалған тамаша мүмкіндік.
Мемлекет басшысы қолдаған осы жоба аясында өзге де көптеген қазақстандықтар мыңдаған балақайлардың арман-тілектерін орындайды деп үміттенеміз.
Бұл ретте осынау жобаның зор әлеуметтік маңызы бар екенін атап өткіміз келеді. Өйткені, азаматтарымыз тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың, мүгедек және жетім балалардың өтініш-қалауларына бей-жай қарамай, нақты қолдау көрсете алады.