"Көркем әдебиетті оқып не істейсің?" - деп сұрайтын достарыңыз болса, Нил Гейманның мына мәтінін беріңіз.
- Мен сіздермен оқу туралы сөйлесейін деп отырмын. Көркем әдебиетті оқу өміріміздің ең елеулі шақтары деп білемін. Мен көркем әдеби шығармаларға жазушы ретінде ғана емес, оқушы ретінде қатты ғашықпын. Менің балаларға да, ересек адамдарға да арнап жазғаныма 30 жыл болды. Соның арқасында өмірлік нәпақамды тауып жүрмін. Сондықтан адамдардың оқығанын, әсіресе көркем әдебиетті оқығанын қатты қалаймын. Тіпті кітапхана іші оқырмандарға толып, адамдардың толассыз ізденіс үстінде отырғанын көргім келеді.
Бірде мен Нью-Йоркте болған кезімде жекеменшік түрме құрылысы туралы әңгіме естідім. Бұл - Америкадағы екпінді дамыған кәсіп. Олар кәсіптерінің ілгері дамуы үшін алдын ала жоспар құрады екен. Қанша түрме камерасы қажет? 15 жылдан соң тұтқындар саны қаншаға артады? Сол орайда 10-11 жастағы балалардың арасында сауалнама жүргізіп, қанша пайызы оқи алмайтындығын анықтаған. Сөйтіп қорытындысында өз нәтижелеріне көз жеткізген.
Әрине, сауатты ортада қылмыс жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қоғамда орын алған қылмыстың басым көпшілігі америкалықтар жасаған тұжырыммен сәйкес келеді. Сол себепті баланы жастайынан оқуға баулуымыз керек деп ойлаймын.
Білімді адамдар көркем әдебиетті оқиды. Оны оқуда 2 бағыт бар:
Алдымен кітапқа құмартып, әрі қарай не болатынын, келесі бетті оқуға асығамыз. Тіпті бар уақытымызды кітапқа арнап, оқиға желісі немен бітеді екен деп, басты қаһармандардың тағдырына алаңдаймыз. Оның өзі де үлкен ләззат қой. Өйткені жаңа сөздер үйреніп, ой өрісіміз дамып, болашаққа нық қадам басамыз.
Көзі ашық, көкірегі ояу бала тәрбиелеп шығару үшін, ең алдымен, оқып үйрету керек және оқудың өте маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Ал ең бастысы олар өздеріне ұнайтын кітапты таңдағаны дұрыс. Болар баланың бетін қақпай, белін бууымыз қажет.
Балалар сапалы әдебиетті таңдай алмайды. Оқып жүрген кітаптарының оқиғасына еніп, бас қаһарманға еліктейді. Әдеби шығарма олардың бүкіл ой-қиялын баурайды.
Ал екінші ескеретін жағдай көркем әдебиет ақыл-ойымызды жетілдіріп, қиялымызды қанаттандырады. Тек қана өмірді танытып қоймай, мінез-құлқымыз бен тұрмыс-тіршілігімізге де өзгеріс енгізеді. Біз белгілі бір шығарманы оқи отырып, оған өзіміздің көзқарасымызбен баға бере аламыз.
Сурет: 1hdwallpapers.com