Ұстаз – шәкіртке білім беруші, бағыт пен бағдар көрсетуші тұлға. Оның еңбегі тәрбиелі, саналы ұрпақты тәрбиелеуімен өлшенеді. Тегінде мұғалім болу үшін зор жауапкершілік жүктелсе, бүгінде «мұғалім болмаймын!» дейтін жастардың қатары көп.
Кемшілігі:
Жастардың ұстаз болуға деген ынтасын жоюға ең бірінші себеп – қағазбастылық.
Бала оқыту жұмысынан бұрын толтыратын, тапсыратын есебі көп қағаздардың жұмысы жастарды жалықтырады. Өйткені ақпараттық заман қалыптасып жатқаннан кейін, жастардың санасы бұл үрдісті қабылдай алмайды.
Еңбекақы жетіспеушілігі
Жақсы мамандыққа жақсы жалақы төлейді деген кері пікір қалыптасқан қоғамда «ұстаз болу» жаман маман жанына қосылды. Себебі жалақысы аз. Таңнан кешке дейін бойыңыздағы күшті сарқып, білім бересіз, ал сізге төленетін "мотивация" өзіңізді қанағаттандырмайды.
«Мұғалім» сөзінің қадірі кетті
Зайырлы ел болып қанат қаққалы жастардың санасында өз құқығын түсінуден бұрын, оны тек тікелей пайдалану үрдісі белең алды. Осыдан келіп ұстазға құрметпен қарау, сыйлау деген қасиеттер жоғалып барады. Ал сіз өзіңізді сыйламайтын ортада жұмыс істер ме едіңіз? Бұл тікелей ұстаздың білімсіздігінен немесе санасыз ұрпақтың қателігінен орын алады.
Артықшылығы:
Ұстаз – ұлы еңбек. Бойыңыздағы білімді мың шәкіртке дарыту, елдің ертеңі болатын ұрпақты тәрбиелеу үлкен жетістік, сауабы мол іс.
Өз салаңыздан яғни, педагогикалық жақтан пісіп жетілесіз.
Жақсы білім беру арқылы абырой мен атақты да қалыптастырасыз.
Мұғалім болу екінің бірінің қолынан келе бермейді, осыны ұмытпаңыз!
Сіздің алдыңыздан батыр да, ақын да, патша да иіліп тұрады.
Мемлекеттің ең басты құндылығы – сіз. Себебі сіз берген біліммен әрбір жеке тұлға маман болып қалыптасады. Ал маман елдің ертеңгі болашағы.
Қорытынды
Басты мақсат қарапайым мұғалім емес, кәсіби маман болу. Қоғамның көшінен қалмау үшін әмбебап болуыңыз керек. Бүгінгі мұғалімге қойылар басты талап та осы. Баланы тек білімге емес, тәрбиеге, мамандыққа, жақсы өмір сүруге жетелеу керек.
Елдегі экономиканың, өрлеудің, дамудың тежелуі тікелей ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Екеуара татулық пен іліп алар ілім болса, ешкім зиян шекпейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұстазын құрметтемеген елді дамушы мемлекет деуге келмейді.