Бүгінгі таңда мектепте нашар оқыған оқушылар да ЖОО қабырғасында білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бірінің ҰБТ-да шпаргалка қолданып жолы болса, екіншісі ата-әжесінің қорадағы қойына сеніп, оңай олжаға тап болады. Осындайда көкейімізге «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген ой оралады.
Өкінішке орай, кей ұстаз тоқсан соңында алдыңғы бағаларымызға қарап қорытынды шығарады. Өзімізді өзгертіп, тиісті баға алуымызға мүмкіндік бермейді. Жалқаулығымыз да жоқ емес. Қандай жағдай болмасын, ең бастысы, сапалы білім екенін ұмытпаңыз. Өйткені білімсіз адам алдындағы асулардан өткенде, әйтеуір бір шалынады. Таныстарының арқасында жұмысқа орналасса да, ол таныстары уақыт өте келе ақшасын шығындағысы келмейтіндігін мойындайды. Ал сіз осындай жағдайға тап болғыңыз келе ме?
Жекеменшік түрме құрылысы – Америкада екпінді дамыған кәсіптердің бірі. Әдетте түрме басшысы кәсібінің ілгері дамуы үшін алдын ала жоспар құрады екен. Яғни «Қанша түрме камерасы қажет?», «15 жылдан соң тұтқындар саны қаншаға артады?» деген сұрақтарға дұрыс жауап іздейді. Осыған орай 10-11 жас аралығындағы балалар арасында сауалнама жүргізіп, қанша пайызының білімге ынтасыз екенін анықтаған. Естеріңізде болса, бұл мысалды бұған дейін жазылған материалымызда да келтірген болатынбыз. Әрине, білімді адамдар мүлдем қылмыс жасамайды деп айтуға негіз жоқ. Алайда қоғамдағы қылмыстың басым көпшілігін мектеп жасында сабақты нашар оқыған адамдар жасайды екен.
Сабақты нашар оқысаңыз да, жұмыс істеуіңізге болады. Алайда ол жұмыстар қара күшті талап ететіні анық. Ал қара күшті талап ететін жұмыстар өз кезегінде денсаулығымызға зиянын тигізеді. Мұндайда жеңіл өнеркәсіп, полиграфия, қаптау, метталургия, машина технологиясы, құрал-сайман, астық технологиясы, машина құрастыру, дефектологиялық білім, су көлігін жүргізу, орман шаруашылығымен байланысты жұмыстар ұсынылады.
Полиграфия мен қаптау саласына мамандар үнемі қажет болады. Аталған салаларға жоғарғы білімді растайтын дипломның маңызы болмайды. Ал астық пен жеңіл өнеркәсіпке жоғары білімді мамандар өте қажет. Психология, педагогика саласында да сұраныс бар. Жалақысы өте аз болғандықтан, ол жұмыстарды армандаған жандар ғана меңгеріп кете алады.
Мектепте нашар оқыған болсаңыз, жалақыңыз да аз болады. Әрине оқушы үлгерімінің нашар болуына түрлі фактор әсер етеді. Ол ата-анасының білімсіздігі, үй тапсырмасын орындауға уақытының жетпеуі, денсаулығы, күйзелісте жүруі, ұстазының тым қатал болуы, жалқаулығы сынды себептер болуы мүмкін. Десе де болашағыңыздың тізгіні өзіңіздің ғана қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
Кезекті материалымыздан үлгерімі нашар оқушылардың болашағы жоқ дегенді айтпаймыз. Бар болғаны, әлі де болсын талпынып көруімізге болатындығын меңзегіміз келеді. Мектеп қабырғасында нашар оқыса да, талай биіктерден көріне білген жандар көп.
Ал Сіз бұл туралы қандай пікірдесіз? Болашағыңыздың жарқын болуы үшін не істеп жүрсіз?
Сурет: kt.nis.edu.kz