Бүгінгі таңда қоғамға қажет төрт мыңнан астам мамандық бар. Дегенмен, қандай қоғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын, мұғалім мамандығы шешуші тұлға болып есептеледі.
Соңғы жылдары білім саласына зияткерлік, инновациялық іс-әрекетке бет алумен қатар, мектептерді жас мұғалімдермен қамтамасыз ету мәселесі өзекті бола бастады. Бүгінде мұғалімдерді арнайы колледждер, педагогикалық институттар, университеттер көптеп дайындайды. Соның өзінде кей мекендерде мұғалім жетіспеу проблемасы әлі бар. Мектепке баруға ұмтылыс бар, сонымен қатар, мектептен кету де жиі кездеседі. Сол себепті де, кәсіби білім жүйесінде мұғалімдерді дайындау – күрделі мәселе.
Кеңес заманында жоғары білімді мұғалімдерді педагогикалық институттар дайындап келді. Кейін аталмыш институттардың бірқатары университетке айналды. Мұғалім мамандығын даярлау университеттерде де өз жалғасын тапты. Алайда, өзге мамандықтар секілді сапасы төмендеп, сұранысы азайды.
Жас ұрпаққа сапалы білім беру – қазіргі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Бұл мәселені тек іскер, сауатты, білімді мамандар ғана жүзеге асыра алады. Өркениетті елдерде практиға көбірек мән береді. Білікті мұғалім мен сапалы білімнің қалыптасуына әлеуметтік ортаның да белгілі бір дәрежеде әсері бар. Бүгінгі мектеп – білімі, тәжірибесі әртүрлі, еңбекақысы күнделікті тұрмысына ғана жететін, бірқатарының денсаулығы кем, жүйкесі шаршаңқы мұғалімдердің ортасы. Бұл білім беру үрдісіне әсер ете алатын факторлар.
Білікті мұғалім – мектеп білімінен, сапалы оқушыдан басталады. Егер мұғалім мамандығы әлеуметтік жағынан шынайы қорғалса, оған өз ертеңіне сенімді, білікті жастар барады. Интеллектуалды және азаматтық әлеуеті жоғары мұғалім қоғамның кез-келген саласында жұмыс істей алатын, білімі сапалы, ерік-жігері мықты, біліктілігі толысқан жаңа формация мамандарын тәрбиелейтіндігі ақиқат!