Білім беру жүйесі бойынша үздік мемлекеттер

Әр елдің өз діліне (менталитеті) сай білім беру жүйелері бөлек. Дегенмен, ақпараттық технологиялар, кешенді бай кітапхана, біліктілігі жоғары ұстаздар, жақсы әдістеме – барлығы дерлік білім беру жүйесін қалыптастыратын бірегей нәрселер.

Мемлекеттердің білім беру жүйесін зерттеу түлектер тапсырған халықаралық емтихандардың нәтижесі және басқа да ақпараттарға сүйеніп жүргізіледі.

Сонымен, білім берудегі  «үздік жиырмалық» қатары мынадай:

Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Швейцария, Канада, Ирландия, Дания, Австралия, Польша, Германия, Бельгия, АҚШ, Венгрия, Словакия, Ресей.

Зерттеу тобын басқарушы Майкл Бербердің айтуынша, тізімдегі елдердің оқытушылар дәрежесі де жоғары екен.

Ал төменде осы тізімдегі таңдаулы елдердің білім беру жүйелеріне тоқталып көрейік:

Германия

Германияның білім беру жүйесі демократиялық деп айта аламыз. Ата-ана мен оқушы төменгі сыныпта өзіне керекті мектепті таңдайды. Төменгі сыныптарда, яғни 6-10 жас аралығында балалар оқуды, санауды, жазуды, табиғатты тануды үйренеді. 10-19 жас аралығында жоғары сатыда оқып, оқушы мамандана бастайды. Германияда мектептің мынадай түрлері бар: негізгі мектеп (Hauptschule) – 5-6 жыл оқытылады, шынайы мектеп Realschule) – 6 жылды қамтиды. Осының қорытындысы бойынша жоғары мектепке (Gymnasium), кейін унверситетке түседі. Гимназияда 8-9 жыл оқытылады, гуманитарлық, қоғамдық, техникалық және жалпы (үшеуін де қамтитын) бағытта білім беріледі. Нәтижесінде орта білім туралы диплом беріледі. Жекеменшік мектептердің басым бөлігі діни, зайырлы бағытта жұмыс істейді, азаматтығы жоқ адамдар тек осы мектептерде білім ала алады.

Ұлыбритания

Британия мектептері әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды магнит секілді тартып жатыр. Британиялық мектептер «Барлық жерде оқытады, ал біз нағыз серілерді тәрбиелеп шығарамыз» деп ұрандайды. Британ білім беру жүйесінің бренді де осы тіркеспен байланысты. Біріккен Корольдікке тән ерекшеліктің бірі – Орта ғасырдан бері келе жатқан ақылы интернаттар (Boarding School). Қазір бұл ордаларда «ақсүйектер» ұрпағы білім алады, себебі жетістікке жеткен адамдардың көпшілігі интернатта оқыған. Британияда, әсіресе, осы оқу орнында қыздар мен ұлдарды бөліп оқыту дәстүрі жақсы қалыптасқан.

Қалыптасқан негізгі жүйелер:рreparatory schools – 2-7 жастағы балаларды оқуға, жазуға үйретеді;

Junior schools – 7-13 жас аралығындағы бастауыш сыныпты бітірген оқушы Common Entrance Examination аталатын емтихан тапсырады, керекті бал жинай алмаған баланың болашағы бұлыңғыр.

Senior School – 13-18 жас аралығындағы балалар білім алып, GCSE емтиханын тапсыру арқылы A-Level немесе International Baccalaureate бағдарламасына өтеді. Университет бітірген студент 21 мың фунт айлық алатын жұмысқа тұрмаса, кредитін төлемеуіне болады.

Primary School – 4-11 жас аралығындағы балалар оқитын жүйе.

Оңтүстік Корея

Балалар 8-14 жас аралығында бастауыш мектепте оқиды. Онда оқытылатын пәндер: корей тілі, математика, нақты ғылымдар, тіл, бейнелеу өнері. Әдетте барлық пәнді бір ғана мұғалім жүргізеді. Білім беру жүйесінің сатыларына өту емтихан балымен емес, оқушының жасына байланысты анықталады. Қазіргі таңда ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады. Корей тілінің грамматикасында өзгерістер өте көп болғандықтан, ағылшын тілін меңгеру өте қиын. Бұл ата-ана үшін күрделі мәселе десе де болады. Балаларын Хагвон аталатын арнайы орталықтарға жібереді. Мұнда ағылшын тілі ана тілі саналатын мамандарға сұраныс көп.

Қоғамдық мектептерден басқа, жекеменшік мектептер жұмыс істейді. Мұндағы білім беру деңгейі өте жоғары, аз ғана оқушы үшін өте көп мұғалім жұмыс істейді. Ата-ана бір айға 130 доллар төлейді. Берілетін білім ақыға сай.
Орта мектепті 12-15 жас аралығындағы балалар оқиды. Басқаларына қарағанда орта мектептердің қоятын талабы көп. Мектеп формасы, шаш үлгісі қатаң қадағаланады. Күніне 6 негізгі пән және жетінші мамандандыруға арналған пән жүреді. Пәндер жыл сайын өзгеріп тұрады. Аптаның бес күнінде сабақ жүреді, айдың кейбір сенбілерінде қосымша сабақтармен айналысады. Осы ғасырдың басына дейін қыздар мен ұлдарды бөліп оқыту дәстүрі кең етек алағанымен, қазір жалпы мектептер көбейіп келеді. Баға оқушыға тек орта мектепті бітірер сәтте, онда да ғылыммен айналысқысы келетіндерге ғана керек. Басқа жағдайда ата-ананы қуанту үшін ғана маңызды. Корея білім беру жүйесінде математика мен ағылшынға баса көңіл бөлінеді.

Франция

Францияның білім беру жүйесі еуропалық жүйемен байланысты: үш сатыдан тұрады – бастапқы (ecole primaire, 6-11 жас – мұнда сабақтар ойын түрінде өткізіліп, баға қойылмайды) және жоғарғы (college, 11-15  жас, одан кейін lycee, 16-18 жас–соңғы жылда кейбір мамандықтарды меңгеріп шығуға болады). Бұл дәстүр бір ғасыр бойы жалғасып келеді. Мемлекеттік мектептерде оқу тегін, жекеменшіктер ақылы болғанымен, мемлекеттің дипломын береді. Айта кетейік, Франциядағы мемлекеттік мектептер 80 пайызды құрайды. Жекеменшік мектептердің көпшілігі діни бағытта оқытады. Мектептер өзара sous contrat және hors contrat болып екіге бөлінеді. Алғашқысының мұғалімдеріне мемлекет айлық төлейді, мектептер ұлттық бағдарлама және қалыпты сабақ кестесі бойынша оқиды, екіншісіне мемлекеттен субсидия түспейді, есесіне стандартты бағдарламаға сүйенбеуге болады. Лицейдегі емтихан бойынша жоғарғы оқу орнына қабылданады. Француз тіліне ерекше көңіл бөлінеді. Бірінші сыныптан бастап мемлекеттік тілде емтихандар алынады.