Мектепте үздік оқушы, орта деңгей және нашар оқушы дейтін әлеуметтік тап өкілдері бар. Үздік оқушылар мен нашар оқушыларға қарағанда орта деңгейлі төрттің оқушыларының жолы болғыш. Өйткені, оларды мазалап жатқан үштік баға жоқ немесе алтын белгі үшін күні-түні дайындалудың қажеті шамалы. Біреулер үшін баға күнделікті күрес, енді бірі үшін бағаның құны жоқ. Мұғалімдердің қарым-қатынасы, үйдегі жағдай, тіпті, кейде сыныптастарымен қарым-қатынасы бағамен тікейлей байланысты болуы мүмкін. Бірақ, бұл баланың оқуға деген қызығушылығына қаншалықты әсерін тигізеді? Не үшін кейбіреуі баға үшін барын салады, ал, біреулер саналы түрде оқуды тоқтатады?Жағымды жақтар: үздік оқушыларАльмира, 16 жаста:Бірінші сыныптан бастап ешқашан төрт немесе үш деген баға алып көрген жоқпын. Мектепке аяқ басқан шақтан бері жақсы оқу қатарластарыма қарағанда менің қолымнан көбірек келді. Мүмкін, бұл қабілет, мүмкін талант. Тәртіп жағынан да ешқашан төмен көрсеткіш көрсеткен емеспін.Бірінші сыныптан бастап мен үшін оқу еш қиындық тудырмады. Ешқандай пән маған кедергі болмады, бірақ, санам гуманитарлық ғылымға бейім екенін аңғардым. Өйткені, тілдерді меңгеру маған оңай әрі ыңғайлы.Мені ешқашан біреу мәжбүрлеген емес ата-анам да, ұстаздар да менен мінсіз бағаны талап етпеді.Менің бойымда үздік оқушы синдромы бар. Менің дертім барлық нәрсені мінсіз, уақытында орындау. Бір жағынан бұл жақсы: істі аяғына дейін жеткіземін. Бірақ, үздік оқушы бәріне үлгеру керек, барлық шараға міндетті түрде қатысу керек.Бұл менің басты мәселем. Мен барлығын өте жақсы жасауға тырысамын, соның кесірінен өзім үшін маңызды нәрсеге уақыт бөле алмаймын.Мысалы, кейде әдебиеттен берілген тапсырмаға 3-4 сағатымды арнап, барлық деталіне дейін талдағым келеді. Бірақ, мен оған мүмкіндік бере алмаймын мені математика, химия секілді пәндер күтіп тұр.Үздік оқушы болудың да өзіне тән жағымды жақтары бар. Мұғаліммен қарым-қатынасың ерекше болады. Кейде тақырып бойынша жақсы жұмыс жасағаным үшін емес, мен бұрыннан тапсырманы уақытылы орындайтын жақсы оқушы болғаным үшін баға қоятын сәттер болады. Егер мектепте баға қойылмаса, мен сабаққа әлдеқайда аз көңіл бөлетін едім. Анығын айтсам, мамандандырылған пәнге ғана барымды салатын едім. Яғни, менің болашағыма керекті пәнді оқитын боламын. Баға болмаса, өзіме ұнамайтын нәрсемен айналысуға мотивация да болмайтын еді. Баға мен үшін жай ғана сандар емес. Баға менің қаншалықты тырысып жүргенімнің көрсеткіші.Жанат, 15 жаста:Мен бірінші сыныптан бері тек беске оқимын. Бұл менің ата-анамның қойған талабы емес ЖОО-на түсу үшін баға керек екенін жақсы білемін. Бастауыш сыныпта оқу оңай болатын. Ал, мені бағалар қызықтырмайтын. Өйткені, барлық жерде бес деген баға қойылатын. Жоғары сыныпқа көшкенімізде сабақтар қиындай бастады. Бастапқыда, барлығын 100 пайызға орындауға үйренген мен үшін уақыт аздық етті. Тіпті, мектепте аяқтап үлгермеген сурет сабағындағы тапсырманы үйге келе салып орындайтынмын. Кейін уақытпен жұмыс жасауды үйрендім.Баға үшін мұғалімнің артынан жүгірмеймін бұл ең сорақы әрекет. Бағаны қойып береді ғой, бірақ емтиханда бәрібір шынайы баға білінеді. Сыныпта ұзақ уақытқа дейін мені бөтен әрі өсекші адамдардың санатына жатқызды. Өйткені, сыныптастарым баға үшін мен мұғалімдерге өзгелердің тәртіпсіздігін жеткізеді деп ойлайтын. Ал, маған бәрібір еді.Кейде мұғалімдер үшке оқитын оқушылар болашақта үздік оқығандарды басқаратын болады дегенді де айтқан. Бұл жағдайға бола алаңдаған емеспін.Меніңше, тоғызыншы сыныпқа дейінгі баға сенің беделіңнің көрсеткіші болады. Егер сенде барлығы бес болса, мұғалімдер үшін сенен асқан жақсы бала жоқ. Бірақ, қазір бұл іске аспайды. Өйткені, ҰБТ-да сол бағаны қорғап шығуға тиіссің. Олай жасамасаң, сенен бұрын саған баға қойған мұғалімдерге сөз келеді.Диас, 13 жас:Мен үздік оқушымын. Кейбір сабақтарды оқу мен үшін оңай, ал, кейбіреуін түсіне алмаймын. Мысалы, математика маған қиынға соғады.Шынымды айтсам, бағаның маған керегі жоқ. Ол менен гөрі ата-анам үшін маңыздырақ. Егер менің бағам олардың көңілінен шықпаса, олар белгілі бір нәрсені қолдануға тыйым салуы мүмкін. Мысалы, жылдың басында әкем телефонымды тартып алған.Мектеп адам ретінде дамуға мүмкіндік беретін жер деп ойламаймын. Өйткені, бұл жерде мұғалімнің айтқанын ғана дұрыс деуге тура келеді. Адамның жеке пікірін сыйлайтындар өте аз.Ал, мұғалімдер өздерін тыңдайтын оқушыларды жақсы көреді. Тіпті, кейде бағаға қарап кімнің мұғалімге жағымсыз, кімнің жағымды екенін аңғаруға болады.Көріп тұрғандарыңыздай, мен баға үшін оқимын. Ал, бағаны айналамдағы адамдар ұрыспау үшін әрі өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік алу үшін керек деп есептеймін. Жағымсыз жақ: нашар оқушылар Абылайхан, 16 жаста:Бағаларым қуанарлықтай емес: орыс тілі мен физикадан үш. Бірақ, мектепте физикадан үшке шығу соншалықты жаман емес сияқты. Мен қол күрес спорт түрімен шұғылданамын. Кейде жарыстарға кетіп қаламын. Жаттығулар бар, сондықтан, алдымда таңдау тұр. Бірақ, спорт басым тұрған секілді және ол оқуыма қатты әсер етеді.Бұл менің сүйікті ісім, ал, мен өзімнің жаным қалайтын іске барымды беремін. Оқу маған спорт секілді рахаттану сезімін сыйлай алмайды, бірақ, бұл оқуды тастаймын дегенді білдірмейді. Тек қызық емес пәндер бар. Тоғыз бітіріп кету ойымда жоқ. Міндетті түрде 10-11 сыныптарға барамын. Әзірге қандай мамандық бойынша білім алатынымды да білмеймін. Нақтырақ айтсақ, мен өзім үшін оқымаймын. Тек болашағымды сақтандыру мақсатында білім аламын. Сонымен қатар, ата-анамды қуанту үшін оқимын.Егер спорт болмаса, менің бос уақытым көбірек болатын еді. Бірақ, сол бос уақытты толықтай оқуға арнайтыныма күмәнданамын. Спорттан басқа қызықты іс тауып алатын едім. Мүмкін, сурет салар ма едім?Мен үшін баға пәнге бөлген уақыт пен дайындығыңның көрсеткіші.Жаным, 15 жаста:Мен физика-математика бағытын тереңдететін арнайы лицейде оқимын. Анам өмір бақи астрофизик болуды армандапты, бірақ, дертіне байланысты бұл бағыт бойынша еңбек ете алмады. Ал, менің болашағыма байланысты таңдау туған шақта, ол ойланбастан физика-математиканы тереңдететін мектепке берген. Қызық, иә?Бірақ, мен гуманитарлық бағытқа жақын болып шықтым. Тілдерді үйрену, әдебиетті түсіну, құқық секілді пәндер мені қызықтырады. Бастауыш сыныпта байқалмайтын, кейін аңғара бастадым. Мені нақты ғылымдар қызықтырған емес, тіпті кейде жек көремін. Ал, жыл сайын математиканың сағаты артып келеді. Алтыншы сыныпта физика қосылды. Ал, менің есімде бірде-бір формула жоқ.Бағаның мен үшін маңызы жоқ. Тек жетінші сыныпқа дейін анамның айқайынан қашып, өзіме қызық болмаса да оқуға көңіл бөлетінмін. Ал, қазір маған ненің маңызды екенін білемін.Мен үшін тілдерден қызық нәрсе жоқ. Бүгінде ағылшын тілі мен испан тілін үйреніп жүрмін. Жақында түрік тіліне қызығушылығым оянды. Кейде бізде тілге көңіл бөлінбегеніне, математика, физика, сызу мен информатиканың көп болғанына өкінемін. Өзімді бір нәрседен құр қалғандай сезінемін. Тоғыз бітірген соң, міндетті түрде гуманитарлық бағытқа ауысамын. Ал, мен үшін баға менің басым дағдыларымның көрсеткіші. Егер ағылшын тілінен төрт алсам уайымдаймын. Бірақ, математикадан тоқсанға бес шықса екі есе уайымдар едім, себебі лайық па едім деген сұрақ мазалайды. Екі жақты пікірді оқи отырып, олардың бәрібір бір кемемен жүзіп келе жатқанын ұққан шығарсыз. Үздік оқушылар да, үздік емесі де болашақтары туралы ойлайды. Егер баға ата-ананың міндеттемесі болса немесе өміріндегі табыстың үміті болса, онда мектеп бір нәрсені назарынан шығарып алғандай. Өйткені, мектепке даму үшін емес, баға үшін барады.Нашар оқушылар үздік оқушылармен салыстырғанда нені қаламайтынын жақсы біледі және сүйікті істерімен айналысу үшін оқуға ат үсті қарай алады. Еш қорқынышсыз. Олай дегеніміз де дұрыс болмас. Өйткені, жақсы баға табысқа әкеледі деген ой олардың санасында да бар. Шынымен, бағаның құны қандай?