Мақсатын жүзеге асыруда әрбір оқушының демеушісі болуды көздеген порталымыздың «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» атты байқауы қарқын алып келеді. Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз Massaget.kz сайтының оқушы оқырмандарының жазғы демалысын тиімді пайдалануына әсер ету. Олардың алдына мақсат қойып, оған жетуге талпынумен қатар, жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесу.
Мен жетекшілік ететін «Эрудит» командасының негізгі мақсаттарының бірі оқушылардың интеллектуалдық деңгейін арттыру. Команданың мүшесі атануға бел буған оқушылар да – білімқұмар жастар. Айта кетейік, Оразбек Пернебай, Мөлдір Қуат, Ерлан Лаханов, Гауһар Орынбасар, Атаханов Бөріхан, Айзере Рахманбердиева, Аяжан Сағиева және Арайлым Есіркеп сынды эрудиттер байқауға белсенді қатысып келеді. Ендеше энциклопедиялық біліммен сусындауды мақсат еткен команда мүшелерімен таныстырайын.
Менің мектептегі күндерімді есіме түсірген Оразбек Пернебай 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Сауаты ашыла әртүрлі қызық кітаптарды оқуға құмар Оразбек жастайынан білгірлігін таныта білген. Ол ауылдағы кітапханалардың табалдырығын тоздырып, энциклопедияларды тыным таппай оқуға талаптанған. Жазғы демалысында шытырман оқиғаға толы романдарды оқып жатқан «Эрудит» өзінің қара дәптеріне жазып жүретін энциклопедиялық мәліметтерді алдағы уақытта сіздермен бөлісетін болады.
Атырау обылысының тумасы Мөлдір Қуат 1998 жылы туған. Мөлдір мектепті бітіргеннен кейін ақ халатты абзал жандардың бірі болуды армандап, медицина саласын таңдайтынын айтады. Оның құрмет тұтатын тұлғасы да қазақтың тұңғыш жоғары білімді дәрігері Санжар Асфендияров екен. Сонымен қатар, спортқа деген қызығушылығы да жоғары екен. Айта кетсек, воллейбол спортынан мектеп құрамасында өнер көрсетіп келе жатқан жасөспірім облыстық жарыстарға дейін шығып, жүлделі орындармен оралыпты.
Ерлан Лаханов - «Эрудит» атануға ұсыныс білдірген алғашқы қатысушылардың бірі. Оның тартымды сөз орамынан өте зерек оқушы екенін байқауға болады. Бүгінде батырдың есімін алған қазақ жігіті Шымкент қаласындағы №12 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алуды. Заманауи жастардың қызығушылығы сынды Ерлан да рэп жанрындағы әндерді тыңдап, бос уақытында ғылыми-фантастика жанрындағы кітаптарды оқиды.
«Алға қойған мақсатың болса, еш уақытта артқа шегінбе!» деп ұрандатқан келесі қатысушымыз - Гауһар Орынбасар. Болашақта әмбебап журналист болуды мақсат еткен Гауһар Атырау обылысында дүниеге келген. Енді блог жаза бастаса да, сөз саптауы ерекше, өз идеясын кез келген адамның ойына қонымды етіп жеткізеді. Мақсаттарының да нақты әрі қызықты екеніне куә болдым. Алдағы уақытта оригамиді Гауһармен бірге үйренетін боламын.
Бөріхан Атаханов - команданың рухын асқақтататын Қасқыр мінез, патриот. Баланың кішкентайынан осындай биік рухпен қамданғанын көріп, риза боламын. Ол - қазақ баласы, көк бөрінің қасқыр мінез ұрпағы. Рубин Картер есімді кәсіпқой боксшыға еліктейтін Бөріханның өз ойы мен мақсатына жету жолында ешнарседен тайынбайтынын байқауға болады. Боксшыға еліктесе, боксқа деген қызығушылығы бар болғанынан емес, оның өмір жолында тәрбиеленген тұлға болғаны үшін қызығады. Расында Бөріханның талабы жоғары екендігін білемін және солай жалғасын табарына сенемін!
Массагеттің осыған дейінгі байқауларына белсенді түрде қатысып, жеңімпаз атанған Айзере Рахманбердиеваның «Эрудит» командасына қосылғанына қуаныштымын. «Массагеттің ең жас блогшысы» атанған Айзере Қызылорда обылысы, Жосалы ауылында туған. Бауыржан Момышұлының қайтпас қайсарлығына қайран қалып, тұла бойында дәл осындай қасиетті қалыптастырғысы келетін Айзеренің батыл мінезі оның блогтарына байқалады. Алдағы екі айда Эрудит қызымыз Айзеремен киригами жасауды үйренетін боламыз.
Болашақта интеллигент жастардың бірі болуды арқау еткен Аяжан Сағиева байқау басында еш ойланбастан «Эрудит» командасына ұсынысын білдірді. Айта кетсек, Аяжан Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. Білімнің нұрына ерте бөленген Аяжан жазғы демалыста Массагетпен бірге болып, байқауда белсенділік танытпақ. Оның жан-жақты қызығушылығы мен жылдам дос таба білу сынды қасиеттері «Эрудит» атануға үлкен демеу болары анық.
Менің жетекшілігімдегі команданың тағы бір белді мүшесі - Арайлым Есіркеп. Ол жарыстың басталып қойғанына қарамай, қатысуға ұсыныс білдіріп, табандылығымен көзге түсті. Қазіргі жаһандану үдерісі жүріп жатқан заманда өсіп келе жатқан баланың жан-жақты болу керек екенін жақсы білетін Арайлым Массагетпен бірге тіл үйреніп, қызық мәліметтермен алмасуды алдағы екі айда орындайтын мақсаты етіп отыр. Арайлым сынды талабы мен қызығушылығы мол оқушылар еліміздің жарқын болашағының кілті екеніне сенемін!
Әрбір Эрудит мен үшін әзірге белгісіз ғалам тәріздес. Олармен бірге жұмыла еңбек ете отырып, менің де үйренерім мол болары анық. Ендеше «Эрудиттер» байқау барысында осалдық танытпайық!